От пен судың қаупінен сақтан

317

0

Қыс мезгілінде халықтың көпшілігі аң-құс пен балық аулауды кәсіп қылады. Біздің өңірде күн жылы болғандықтан мұз қалың қата қоймайды. Сондықтан сақтық шараларына мығым болған абзал. Тұрғындардың қауіпсіздік шараларына мән бермей,  салғырттық танытуы салдарынан оқыс оқиғалар орын алып жатады.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күнделікті адам көп шоғырланатын орындарда дауыс ұлғайтқыштар арқылы және балық аулаушыларға арналған дүкендерде жадынамалар таратып, тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. 

– Бұл өзекті мәселе қауіпсіздік шараларын ширата түсу қажеттігін көрсетіп отыр. Қауіпсіздік қашан да маңызды. Жыл басынан бері аймақтағы су айдындарында мұз үстіндегі қауіпсіздікті сақтау бойынша  рейдтер ұйымдастырылды. Жадынама таратылып, оған қызметкерлер мен  еріктілер жұмылдырылды. Белгіленбеген аумақта суға түсуге қатаң тыйым салынады. Мұз үстінде топталып жүруге немесе от жағуға болмайды. Осыған байланысты тұрғындарды ережелерді естен шығармауға шақырамыз, – дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов.

Қауіп қайдан демеңіз, оның бір аты – өрт. Апат айтып келмейді. Қыс мезгіліндегі өрт қауіпсіздігін сақтаудың да маңызы зор. Жауаптылардың айтуынша, өрт оқиғаларының басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алады. Оған себеп − жылу беру маусымында электр, газ баллон жабдықтарын және газ пештерін дұрыс пайдаланбау. 

–Жылу беру маусымы басталғалы облыс көлемінде  жеке тұрғын үйлерге тексеру жүргізіліп, кездесулер ұйымдастырылды. Өрт оқиғасы көбіне электр жабдықтарынан және тұрмыстық газ құрылғыларын дұрыс пайдаланбаудан болатыны анықталған, – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков.

Салғырттық адамның түрлі келеңсіз жағдайға ұшырауына алып келеді. Сондықтан қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстаған дұрыс.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<