Отандық медиада өңірлік басылымдардың өз орны бар

639

0

Кеше Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Өңірлік мерзімді басылымдар форумы басталды. Өңірлік мерзімді басылымдар форумы бірінші рет өткізіліп отыр. Форумға Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, аймақтық басылымдардың бас редакторлары, медиаменеджерлер, журналистер қатысты. Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген А.Көлгінов министрлікке аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.

– Егер 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде 5 мыңнан асты. Оның 70 пайызы – баспа мен басылымдар. Бұл  медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен оның болашағының зор екенін дәлелдейді. Отандық медианың әлеуетін одан әрі дамыту үшін алдымызда ауқымды міндеттер бар. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғаммен байланыс құралдарын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы орайда, өңірлік БАҚ-тың мәселелерін: атап айтқанда, оқырмандардың саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен қатар, қазақстандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Форумда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баяндама жасады. Министр өңірлік басылымдардың жай-күйін саралай келе, газетті басу, баспасөзге жазылу, оны елді мекендерге, оқырмандарға тарату ісінде Қызылорда облысындағы «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысын өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынды.

– «Сыр медиа» серіктестігі газет басу, тарату ісінде жүйелі жұмыс істеп жатыр, – деді министр.

Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі аймақтарда сайты жоқ басылымдар бар екенін қынжыла жеткізді. Кейбір аудандық газеттердің сайты тұрақты, жедел ақпарат таратып отырғанын атап өтті.

– Өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдардың сайттары жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Мен «Жаңақорған тынысы» газетін атап айтқым келеді. 7,5 мың тиражбен тарайды. Газет редакциясын сол ауданның тұрғындары асарлатып салып берген. Сайты біздің кейбір республикалық басылымдардың сайтынан да жедел ақпарат таратады. Осыны ескере отырып, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша көмектесіп, қолдау көрсететін боламыз, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Форумда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп сөз сөйледі. Сондай-ақ «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев серіктестік атқарып жатқан жұмыстарды, жобаларды таныстырып, тәжірибесін бөлісті. Медиа құрылым дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианы үйлестіре дамытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, «Сыр медиа» ЖШС аймақтардың ішінде өз баспаханасы бар, «Қазпошта» мекемесінің қызметінен бас тартып, өзінің баспасөзге жазылу, тарату қызметін жолға қойған мекеме ретінде танылғанын айтты.

Серіктестікке қарасты баспахана газеттерді сапалы басып шығаратын заманауи «CityLine Express» офсеттік машинасымен жабдықталған. Баспахана кітап өндірісін де іске асырып отыр.

Форумда А.Оңғарбаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың 5 мың студенттің газетке жазылу қаражатын субсидиялауды қолдайтынын жеткізді. Бұл бастама облыс әкімдігі мен жергілікті мәслихат депутаттарының бірлесіп қабылдайтын шешіміне сәйкес жүзеге асырылатын болады.

–  Бұл –  республикада тұңғыш рет көтеріліп отырған бастама. Мұны жастарға жасаған қолдау, жанашырлық әрі елдік мүддені ту еткен мерзімді басылымдарға көрсеткен демеу деп түсіну керек. Қазіргі таңда Сыр өңіріндегі жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам, колледждерде 20 мыңның үстінде студент оқиды. Солардың арасынан ықылас танытқан жастарға тегін газетке жазып беру мүмкіндігі қарастырылатын болады, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Форумда серіктестік директоры мемлекеттік тапсырыс тарифтеріне қатысты нормативтік-құқықтық акт бекіту туралы ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ газет басу және тарату қызметін субсидиялау, республика көлеміндегі барлық санаттағы кітапханалар арқылы баспасөзге жазылуды тұрақты міндетке алу, студенттер үшін газетке жазылуды субсидиялау сала жұмысына тың серпін берер еді.

Педагог мәртебесінің көтерілуіне еңбекақының өсуі ықпал еткені белгілі. А.Оңғарбаевтың айтуынша, журналистерге де осындай қолдау қажет, әлеуметтік қолдау пакеттерін ұйымдастыру, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жас журналистерді де баспанамен қамту,  бір реттік көтерме сыйақы тағайындау, жас журналистерді арендалық үймен қамтамасыз ету көп мәселені шешеді.

Оған қоса журналистердің біліктілігін арттыруға, жан-жақты тәжірибе алмасуға республикалық деңгейде жүйелі түрде жұмыс жүргізілу керек. Мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер сияқты жатын орнымен, бару-қайту шығыны қамтамасыз етілетін, біліктілік арттыратын, тәжірибе алмасатын курстар ұтымды ұйымдастырылуы қажет. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында байқаулардың жаңа тәсілдерін табу және оған аймақтардың қатысуына басымдық беру шығармашылық өкілдерін қанаттандыратыны сөзсіз.

Форум жұмысы бүгін де жалғасуда. Толыққанды материал алдағы уақытта жарияланады.

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

Астана

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<