Отаншылдық, азаматтық, адалдық – біздің басты қағидамыз

263

0

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың 2-ші сессиясына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және құрылтайдың 117 мүшесі, басқа да ұйым өкілдері қатысты.  Сессияның бірінші күні екі секция жұмысымен басталды.

 Мен екі секция жұмысына да қатыстым.

«Қоғамдық консолидация» деп аталатын секцияны ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Ғалымқызы Балаева жүргізді.

Секцияда елдің бірлігін, ынтымағын арттыруға бағытталған жұмыстар туралы айтылды.

Бүгінгі қоғамды толғандыратын мәселелер баршылық – азық-түліктің қымбаттауы, жұмыспен қамту жағдайы, банк жүйесіндегі кредиттер жайы. Міне, осылардың бәрі Ұлттық құрылтай жұмысы арқылы Президент назарына ұсынылып отыр.

Ұлттық құрылтай құрамында – азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, дін, қоғамдық бірлестік өкілдері бар. Осы құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелермен айналысып келеді. Секцияда ҮЕҰ туралы заң жобасын әзірлеу, азаматтық қоғамның форумдарын өткізу, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында әріптестік байланыс орнату арқылы қоғамдағы күрделі мәселелерді шешу жайы сөз болды.

Елімізде 23 мың ҮЕҰ бар, олардың бәрінің бағыты – қоғамның дамуы жолында жұмыс жасау. Өңірлердегі қоғамдық кеңестер өте белсенді жұмыстар атқарып келеді. Заңмен бекітілген қоғамдық кеңес құзыреттілігіне сәйкес, жергілікті билікпен тікелей жұмыс жасап, әртүрлі мәселелерді шешуге атсалысуда.

Секцияда шешендер мен ингуштар қауымдастығының тең төрағасы Ахмет Мурадов Құрылтайды сарапшылардың пікір алысу алаңына айналдыру керек деген пікірін білдірді.

Халықтың құқықтық білімін көтеру қажет. Себебі, көп адам заң шеңберінде әрекет ете алмайды, көпшілік заңдардың орындалуынан бейхабар. «Құқықтану» пәнін мектептің 7-ші сыныбынан бастап оқу бағдарламасына енгізу керек. Сонда ғана азаматтардың құқықтық сауаты артады. Бұл да – қоғамдағы өзекті мәселенің бірі.

Құрылтай мүшелері осындай өткір пікірлерін ортаға салды.

Секцияға Құрылтай мүшелерімен бірге «Ауыл» партиясының өкілдері де қатысып, ауылды көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту жайын, ауыл жастарының сапалы білім алуын қамтамасыз ету, жастарды білім мен еңбекке баулу мәселесін көтерді.

Жаңа Қазақстан жолында ұлттық стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін Президент бастамаларына көмектесуіміз маңызды. Президент тапсырмасына сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын көтеруге байланысты Үкіметте атқарылып жатқан жұмыстар азаматтық қоғамның бақылауында болып, оның нәтижелі орындалуына бірге қол жеткізу – мақсат. Елдің, ұлттың болашағына жұмыс істеу – әрбір азаматтың парызы.

Құрылтай мүшелері осындай пікірлермен қоса еліміздегі жүргізіліп жатқан экономикалық саясат, еңбек нарығын қалыптастыру туралы да айтты.

Осыдан соң өткізілген «Білім және ғылым» секциясында алдағы 7 жылға арналған еліміздегі ғылым және жоғары білім саласын дамыту тұжырымдамасы туралы пікір алыстық. Осы жылдарда сала бойынша қандай бағыттағы жұмыстар жүргізіледі, оның орындалуы қандай нәтиже бермек, бұл жөнінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баян етті.

Ал ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бисенбаев балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі білім беру жүйесінде атқарылып келе жатқан жұмыстарды атады.

Биылғы жылдың 1-қыркүйегінен балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға, кәсіптік-техникалық колледж оқушыларының шәкіртақысы 50 пайызға артады. Орта мектептегі 1-4 сынып оқушылары Ұлттық қор есебінен тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. 2025 жылдан бастап 9-сыныптан кейін колледждерге түскен балалар мемлекет есебінен оқитын болады.

Министр қазір осы төңіректегі жұмыстардың жүйелі жүріп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, ғылыми орталықтар жұмысын дамыту, қолданбалы ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту, студенттерді әлеуметтік қолдау сияқты міндеттер бар. Әлемдік дамыған елдер университтерінің тәжірибесін сол университеттің филиалын ашу арқылы оқу орындарын жаңа деңгейге көтеру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен әңгіме болды.

Екі секция жұмысында елуден аса құрылтай мүшелері сөз сөйлеп, осындай еліміздің, ұлтымыздың болашағына бағытталған стратегиялық мәселелер төңірегінде ой-пікір алыстық. Осы ұсыныстардың біразы «Құрылтай» мобильді қосымшасы арқылы жинақталып, төрт жүзден аса ұсыныс түскен.  Сол пікір-ұсыныстарымызды Президент назарына салдық.

Құрылтай сессиясының екінші күнгі жұмысына Ел Президенті қатысып, құрылтайдың бірнеше мүшесі пікір білдіріп, сөз сөйледі.

Қолданбалы экономика зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсылық Құлекеев Қазақстанда жүзден аса этнос өкілдері, 17 конфессия өкілі болып табылатын 3 мыңға жуық діни бірлестік бар екенін айта келіп, көптеген этностар арасындағы келісімді сақтау қазақ халқының теңдік, татулық, қонақжайлылық секілді өмір сүру қағидаты арқасында мүмкін болып отырғанын айтып, мемлекет саясатын бағалады.

Қазақстаннның Еңбек Ері Василий Басин өз сөзін Әйтеке бидің ұлағатымен бастап, жұмысшы мамандықтарын дамыту турасында ой білдірді.

Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды ауылдық жерлердегі мәдениет мекемелерінің жағдайын қозғады. Олардың жұмысының сын көтермейтінін айтты. Ал қалада жұрт драма театрдағы спектакльдерге билет таба алмайды. Бұл өте жақсы, бір қиыны мемлекеттік кинотеатрлар жоқ. Жеке кинотеатрлар комедия жанрындағы киноларды ғана көрсетеді. Сондықтан мемлекет қаржыландыратын кинотеатрлар көптеп салынса, игі. Қала мәдениеті, ауыл мәдениеті деген болмау керек, оның бір шешімі көрерменнің таңдау мүмкіндігін жасау қажет. «Қазақфильм» жылына алпыс кино түсіреді екен, бірақ ол көрерменге жетіп жатқан жоқ.

Сөйлеушілер экономика, білім, жастар тәрбиесі, мәдениет, ел бірлігі тақырыптарын жан-жақты қамтыды.

Құрылтай сессиясының негізгі бөлімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, еліміздегі орын алып отырған басты мәселелерді, жасалуға тиіс шараларды талдап көрсетті. 

«Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған» деп бастады Президент өз сөзін.

«Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?»

Президент дәл осы мәселелерді мейлінше ашып, анықтап жеткізіп берді.

«Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз.

Жалпы, қандай да бір құндылықты жарлықпен немесе заңмен орнықтыру мүмкін емес. Мен мұны өте жақсы түсінемін. Кез келген тұжырымдама немесе доктрина қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Әйтпесе, бәрі жасанды болып шығады. Ондай идеяны халық қабылдамайды» деді Президент.

Елімізде отаншыл, еңбекқор, дарынды, білімді жастардың көп екенін, сондай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын екеніне сеніммен қарайтынын айтты.

Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттігіне, мемлекеттік наградалар мәселесіне тоқталды.Қоғамға үлгі болатын жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекеттің әрдайым қолдауға тиіс екенін айтып, сол себепті әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы өте маңызды деп атады.

Мемлекеттік сыйлықтарға әл Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты халқымыздың біртуар перзенттерінің есімі берілгенін білеміз. «Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет», – деді Президент. Мұндай қадамдардың отаншылдық рухты асқақтататынын атады.

Сондай-ақ, «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырғанын, бұл марапаттың алдағы Республика күнінде өз иелерін табатынындығынан хабардар қылды.

Президент дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән беретінін айтып, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтергенін, осыған орай жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.

«Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс. Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жетітомдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек» деді Президент.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы ономастика саласын тәртіпке келтіру керектігін нықтап жеткізді. Ономастиканың тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екенін айтты. Сондықтан жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару керек деп ескертті.

Президент өскелең ұрпақтың тәрбиесі мәселесіне мейлінше мән беру қажеттігін қайталады. 

«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі» деді.

Мектептегі тәрбиенің ақсап тұрғаны туралы, кейбір жасөспірімдер қатыгездігінің жан түршіктіретіні жайындағы ащы шындықты айтып, шығыс ғұламасы әл Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тәмсілін еске салды.

Сессияда сөйлеген құрылтай мүшелерінің әрқайсының айтқан сөзін қаперге алып, олардың пікірлерін одан әрі дамытты.

Кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керек деп ойлаймын. Сол кезде шығармашылық еркіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен, фильмдер түсірілді, әлі күнге дейін халықтың жүрегінен ойып орын алып тұр», – деді Президент кино мамандарының ақша үшін арзан кино түсіретінін сынап.

Сонымен бірге, тіл туралы өте тамаша тұжырым жасады. «Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы жиынның соңында елдің рухын көтеретін тағы жақсы жаңалық айтты.

Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылған екен.

Марал ишан – қазақ тарихында соңғы хан аталған Кенесарының үзеңгілес серігі болған әрі ғұлама дін өкілі.

Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетел асып кетіпті. Ақырында жанашыр азаматтардың көмегімен Қазақстанға қайтарылыпты.

«Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы барша жұрттың елдің жарқын болашағына деген сенімін бекіте түсті.

Екі күнге созылған Құрылтай жұмысы ерекше әсерге бөлеп, көптеген мәселенің шешім табатын жолына көз жеткізді. Әрине, еңбек пен бірлік ғана елдің іргесін берік ұстап тұрары хақ.

Сыр өңірінде кейінгі жылы атқарылып жатқан жұмыстар біздің өңірдің бірлігі мен берекесін танытады. Аймағымыздағы ана мен балаға деген қамқорлық, денсаулық, білім саласындағы жетістіктерді атап айтуға болады. Салынып жатқан құрылыстар: Салтанат сарайы, Өнер орталығы, мектептер, дарынды балаларға арналған арнайы мектеп, қан орталығы, жөнделіп жатқан жолдар, тап-таза қала келбеті – облыс басшысының Президент тапсырмаларын орындаудағы, жаңа Қазақстан жолындағы нәтижелі еңбегі.

Мен Құрылтай мүшесі ретінде облыс көлеміндегі өзекті мәселелерді де жақсы білемін. Бұл қиындықтардан бізді бірлігіміз бен ынтымағымыз, еңбекке деген ықыласты қимылымыз, ағайын ішіндегі ауызбіршілігіміздің алып шығатынына сенімдімін.

Кешегі өткен Құрылтай жиынында да мемлекетіміздің, ғылым мен сапалы білімнің, саналы тәрбие жұмысының, татулықтың  дамуы мен өрлеуінде осы адами құндылықтардың басты орында тұратыны тұжырымдалды.

Қылышбай БИСЕНОВ,

ҚР ҰҒА академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<