Отбасы күні айрықша аталып өтеді

56

0

Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов «Анаға тағзым» орталығында аймақтағы БАҚ өкілдерімен кездесіп, мереке аясында жоспарланып отырған ауқымды іс-шаралар жобасымен таныстырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды» деп атап өткен еді.

Расында, біздің халқымыз үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі отбасында қалыптасады. Елімізде 2013 жылдан бастап жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күні» аталып өтеді. Биыл мемлекет тарапынан мерекені жаңаша сипатта атап өту жоспарланып отыр. Атап айтсақ, Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы тұжырымдама әзірледі. Соның аясында 2-8 қыркүйек аралығында әр күнге тақырыптық бағыттар қойылды,– деді Ш.Байманов.

Айталық, 2-8 қыркүйек аралығында «Отбасылық дәстүрлер: тарихымызды сақтаймыз, болашақты құрамыз», «Отбасын жоспарлау», «Саналы түрде ата-ана болу», «Дені сау ұрпақ», «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі», «Отбасылық әл-ауқат», «Отбасылық демалыс – бақытты болашаққа инвестиция» сынды тақырыптарға сай әр күні қоғамдық сипатта мәдени-танымдық іс-шаралар өтеді.

Мереке аясында «Отбасы – бақыт мекені» атты «Алтын той» иелерінің қатысуымен өтетін мерекелік салтанатты шара, «Бақытты отбасы» мемлекеттік қызметтегі отбасылардың қатысуымен отбасылық квест, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысып жеңімпаз атанған, сондай-ақ басқа да үлгілі отбасылардың мүшелерімен қала және аудандардағы мектептер мен колледждерде кездесулер ұйымдастырылады.

Бұл бастама өз кезегінде отбасы мен некені дәріптеуге, отбасы құндылықтарын насихаттауға, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға, балалардың қарт ата-аналарына қамқорлық көрсетуіне, отбасылық дәстүрде жинақталған тәжірибені жастарға ұсынуға бағытталған.

Облыс әкімінің орынбасары баяндамасын қорытындылай келе кейінгі жылдары өңірде салынып жатқан түрлі мәдени, рухани нысандар отбасы құндылығын насихаттау, жас ұрпақтың жайлы болашағын қалыптастыруға игі ықпал ететінін атап өтті.

– «Отбасы», «шаңырақ» ұғымының қадір-қасиетін түсіндіру мақсатында «Отбасы орталығы» және балауса бойжеткен қыз баладан ардақты асыл әжеге дейін бас қосатын талбесік – тәрбие мектебіне айналған «Анаға тағзым орталығы» өз қызметін нәтижелі жүзеге асыруда.

Байрақты бәсекелерде көк туымызды желбіретер болашақ чемпион жастарымыз үшін заманауи 10 мың орындық стадион, үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталуға жақындады. Алдағы уақытта көпфункционалды «Қызылорда арена» кешені салынады.

Былтыр облыс көлемінде 9 спорт кешені қолданысқа берілсе, биыл 15 кешеннің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында пәрменді шаралар қабылдануда. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өткен жылы 100 пәтер, ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 127 пәтер берілді.

Облыс бойынша 130 мың шаршы метр болатын, 2 мыңға жуық пәтерді қамтитын 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы жұмыстардың барлығы – отбасы әлеуетін арттыруға жасалған мемлекет қолдауы, – деді ол.

Айта кетейік, биыл өңірімізде тіркелген неке саны өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артқан. Сондай-ақ көші-қон мәселесінде аса көп өзгеріс жоқ, өңірде тұрақтылық қалыптасқан.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<