Отбасы – Отанның тірегі

2890

0

Сол күні мұғалімі бір хатты қолына ұстатты да, «үйіңе барған соң анаңа оқыт» деді. Өзі хат танымайды. Келе сала, қағазды анасына көрсетті. Анасының көзі жазбаны оқығаннан-ақ жасаурап кеткен еді. «Сен басқалардан ерекше, тым ақылды бала болғандықтан, оқытушың мұнан әрі оқыта алмаймыз депті. Енді сені өзім оқытамын» деді. Сол күннен кейін мектепке бармады. Өсе келе ғылым жолын таңдады. Кейінірек үйіне бір барғанында анасының қобдишасынан баяғы хатты көзі шалды. Оқыды да сенер-сенбесін білмей тұрып қалды. Хатта мұғалімі баланың үлгерімі нашар екенін, айтқанды ұқпайтынын, сондықтан оқыта алмайтынын жазған екен…

Ал, ол адамзат тари­хында электр шамын ойлап тапқан өнертапқыш, әйгілі ғалым Томас Эдисон болатын. Бұл туралы бұрын да оқыған боларсыз. Байқадыңыз ба, ана үміті баланы алға жетелейтін, құласа қайта тұрғызатындай күшке ие. Әке сенімі де бойыңа қуат береді. Сондықтан барлық бала отбасында мейі­рімді сезініп, өзіне сеніп үйренсе дейсің. Бала шақта мейірім көрмеген, шаңы­ра­ғында ұрыс-керістен көз ашпаған балаларға өс­кенде де қиын. Ал, Отан отбасынан құралады. Елімізде адам құқығы, отбасының ты­ныш, тату болуы басты назарда. Соңғы уақытта «Әлемде пандемия әсерінен шайқалған ша­ңырақ көбейді» деп жазады ақпарат құрал­дары. Бізде көрсеткіш  қалай? 

Сыр елін басқа облыс тұр­ғындары руханият бесігі деп есептейді. Ол рас. Дәстүрге бе­рік, қазақы тәрбиені ұмыт­паған, ұл-қызын «ұят болады» деген бір сөзбен-ақ тыйып, үлкенді қадірлейтін халық. Бі­рақ соңғы уақытта «ойсыз үй­леніп, мұңсыз ажырасты» де­ген сөз жиі айтыла бастағаны жасырын емес. Ажырасу кө­бейді. Облыста қанша отбасы бары халық санағы кезінде ғана анықталатындықтан, дәл қазір нақты айту мүмкін емес.

Бірақ ең қуаныштысы, ка­рантин кезінде ажырасушылар саны әлдеқайда азайған. Об­лыстық статистика депар­та­мен­тінің мәліметінше, биыл қаң­тар мен шілде аралығында облыста 2483 жұп некеге тұрса, былтыр осы мерзімде 3074 жұп некеге тұруға өтініш берген. Карантин режиміне сәйкес адам көп жиналмауы керек, ден­саулыққа мән беру қажет деген ескертпеден соң үйленуді кейінге шегеру көбейген се­кілді. Ал, биыл өңірде қаңтар мен шілде аралығында 359 жұп бөлініп кетсе, өткен жылы дәл осы уақыт ішінде 1272 жұптың жолы екіге айырылыпты. Ка­рантин кезіндегі жағдай сыр­бойылық отбасылардың ұрысып емес, бірігіп өмір сүруіне жол ашқан секілді.

«2020 жылдың қаңтарынан маусымына дейін елімізде бар­лығы 12747 жұп ажырасқан», – деп жазады 24.kz. Қазақстанда пандемияның төрт айында кө­бінесе, Алматыда ажырасу ең көп тіркелген. Наурыз, сә­у­ір, мамыр және маусым ай­ла­рында бұл қалада 554 жұп екіге бөлінген. Екінші орын­да – Қарағанды облысы. Үшін­ші орында – Алматы облы­сы. Ажырасулардың ең аз саны Қы­зылорда облысында тіркел­ген.

Ал әлемде ше? Global Times газетінің хабарлауынша, осы жылдың наурыз айының басында Қытайда ажырасқысы келетін ерлі-зайыптылардың са­ны бірнеше есе артқан. Жұп­тар тәулік бойы бірге болғанға шыдай алмапты. Тіп­ті арыз берушілер саны көп болғаны сонша, агенттіктер шектеу енгізуге мәжбүр болды. Осы­лайша, кейбір қалаларда күн сайын он отбасына ғана ажы­расуға рұқсат етілді. «Ал Қазақ­станда керісінше, карантин нә­тижесінде демографиялық бэ­би-бум болуы мүмкін» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Ал, CNN агенттігі отбасында зорлық көрген жандарға кө­мек беру үшін Франция, Италия, Испания үкіметі жаңа мүм­кін­дік қарастырып жатқанын ха­барлады.

Сәби саны артты

АХАТ органдары азаматтық хал актілер жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтиже­сін­де, облыста қаңтар мен шіл­де аралығында 12023 сәби ту­ғанын мәлімдеді. Облыстық ста­тистика департаментінің дерегінше, бұл былтырғы осы уақыт аралығындағы көр­­сет­кішке қарағанда 8,8 про­центке көп. Демек, биыл «ба­лалы болдым» деп сүйінші­ле­ген­дердің қатары қалың.

Ал облыста әйелдер мен ерлердің қай жас аралығында отбасын құруға ниеттенетінін білесіз бе? Ерлер арасында бел­сенді некеге тұру жасы 23-27 жас болса, әйелдерде 20-24 жас.

Әлімжеттік көбейген

Карантинде отбасын сақтап қалуды ойлағандар көбейді. Бі­рақ өз шаңырағында көз жа­сы құрғамайтын әйелдер әлі де аз емес. Облыста 2011 жыл­дан бастап «Қамқорлық» дағ­дарыс орталығы тұрмыстық зор­лық-зомбылық көрген жан­дарды қолдау мақсатында жұ­мыс істеп келеді. Орталық жұ­мысы облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар  бас­қар­масының тапсырысы бо­йынша ұйымдастырылады. Мұн­да­ғы деректерге назар сала­йық­шы. Жыл басынан бері 8 айда «Қам­қорлық» дағдарыс орта­лығына 220 адам жүгінген. Оның 65-і әйел, 155-і 18 жасқа толмаған балалар. Ал, өткен жыл бойына 218 адам қызмет алған.

– Өткен жылмен салыс­тыр­­ғанда көмек сұрап келген жан­дардың көбейгенін бай­қау­ға болады. Карантин кезінде зорлық-зомбылыққа ұшы­ра­ған­дар саны артты.  Алдағы төрт айда мұнан да көбеюі мүмкін. Өткен жылғы статис­тиканы қарасақ, күз-қыс айла­рында отбасында қысым көр­гендердің саны күрт артып кет­кен. Күн салқындаған уа­қыт­та әйелдерде де, ерлерде де психологиялық, әлеуметтік жағынан қысым болады. Мұн­да ерлі-зайыптыларға пси­­хо­логиялық,  құқықтық, әлеу­­мет­тік, медициналық, мә­де­ни, эко­номикалық тұрғыда бір­қатар қызмет көрсетіледі. Биыл­дың өзінде 37 отбасы өз ша­ңы­рақтарына оралды. Қазір орта­лықта 44 қызмет алушы бар, яғни 16 отбасының мүшелері, – деді орталық директоры Жан­дос Тұсмағамбетов.

Биылдың өзінде елімізде естіген адамның жанын ауыр­татын, соңы өлімге апарып соқ­қан бірнеше отбасылық ки­кілжің болды. Осыдан кейін-ақ әйелдердің тек соңғы сәтте ғана құқық қорғау орган­да­рына шағымданатыны анық­тал­ды.  Өз шаңырағында зор­лық-зомбылық көрген жандар 30-25-40 сенім телефонына не­месе 8-777-340-87-34 байла­ныс нөміріне Whatsapp арқылы жаза алатынын айтқымыз ке­леді. 

Балаға көңіл

бөлесіз бе?

Қазір облыстағы отбасылар арасында марафон өтуде. Ша­раны ұйымдастырудың да өз себебі бар. Бала құқықтарын қорғау комитеті отбасылар ара­сында зерттеу жүргізген. Нәти­жесінде зерттеуге қатысқан әр­бір үшінші отбасы өз баласына үйінде 30 минуттан да аз уақыт бөлетін болып шыққан. Демек балаға тәуліктің жарты сағаты да арналмайды. Сондықтан жас отбасылар арасында «Тату от­басы» онлайн марафоны ұйым­дастырылуда.

Шараны ұйымдастырушы – облыстық жастар ресурстық орталығы. Мұндағы жас от­ба­сылар бөлімі түрлі мәсе­лелермен, бала тәрбиесі, тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысады.

Марафон бір апта өтіп, күн сайын жеке тапсырмалар беріледі. Айталық бір күні от­басының суретін немесе сим­волын салып, ережелерін жә­не қалыптасқан дәстүрлерін жаз­­­са, келесіде балалармен бір­­ге ас дайындап, тәттілер пі­­сі­­реді. Бөлім басшысы Сым­­бат Әбдірахманованың ай­ту­ын­­ша, жаңа тапсырмалар WhatsApp желісі арқылы беріліп, со­ңын­да нәтижесі қаралады. 8-13 мау­сым аралығында өткен мара­фонға қатысуға 212 отбасы ниет білдірсе, соның ішінде тек 102 отбасы тапсырмаларды толық орындап, марафонды сәтті аяқтаған. Ал шара со­ңында ұйымдастырушылар да, қатысушылар да нәтижеге таң-тамаша қалыпты. Отбасы мү­шелері марафон уақытында бір-бірін тани түсіп, уақытты қы­зықты өткізгендерін айтқан.

Ал осы айда ұйымдасты­рылған екінші марафонға 94 от­басы қатысуда. Смартфонсыз күн өткізбейтін, креативті қа­лай­тын қазіргі уақытта ата-ана мен баланың байланысын жақсартатын мұндай шаралар­ды көбірек өткізу керек сияқты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<