Отбасы шуағының шырақшысы

1377

0

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ана – отбасы шуағы» атты облыстық аналар форумы өтті.

Қоғамдағы әйел, ана рөлін арттыруды мақсат еткен форумға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет қатысты.

Қатысушылар алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы қайталанбас зергерлік бұйымдар көрмесін тамашалады.

Тағылымы мол іс-шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, форумның маңыздылығына тоқталды.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бүгінде тәрбие бағытындағы жұмыстарды күшейту үшін кешенді тұжырымдама әзірленді. Осыған орай, облыстық аналар форумы өтуде. Бүгінде қыз-келіншектер саясатта, бизнесте және шаруашылықтың түрлі саласында ер-азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүр. Өңірдегі халық саны 800 мыңның үстінде болса, оның  400 мыңнан астамы – әйелдер қауымы. Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің 40 пайызы, медицина қызметкерлерінің 87 пайызы, педагогтердің 78,3 пайызы нәзік жандар. Сол үшін адамзат баласына әйелден құдіретті, анадан ардақты, қыз-келіншектерден аяулы ешкім жоқ. Әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те нәзік жандарға арналады, – деді облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова барша әйелдер қауымына бейнеқұттықтау жолдаса, мұқтаж отбасылардың балаларына көмек көрсететін «Розалия және Эмир» аутизм орталығының директоры Розалия Рахимова жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, ұрпағымен бірге жетістікке жеткен аналардың атынан Айсұлу Нұрпейісова барша білім жанашырларына алғысын білдірсе, жыршы, термеші Айнұр Ерниязова ұлттық салт-дәстүр мен ата-ананың бала өміріндегі рөлі туралы пікір білдірді.

Тағылымды кеште облыс әкімінің орынбасары дарынды балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы аналарды Алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті. Форум соңы мерекелік концертке ұласты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<