Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінің ұжымы биыл да мекеме қызметкерлерінің отбасы арасында «Әкем, анам және мен –спорт сүйер жанұямен» спорттық сайыс өткізді.
Жарысқа мекеменің режим бөлімінен «Томаевтар отбасы», жедел бөлімінен «Амантаевтар отбасы», тәрбие бөлімінен «Сұлтанғазиндер отбасы» қатысты. Спорттық шараны Департамент бастығының орынбасары әділет подполковнигі Әбдіқайыров Жүніс Өтегенұлы ашып, мерекемен құттықтап, қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау арқылы өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында осындай шараларды жиі өткізіп тұру қажет деп, қатысушы отбасыларға сәттілік тіледі.
Жарыс 4 кезеңнен тұрды. 1 кезең бойынша қатысушы командалар кедергілерді айнала белгіленген жерге жүгіре жетіп, кейін қарай қайта жүгіріп келіп эстафеталық таяқты келесі қатысушыға беру қажет. 1 кезең бойынша «Сұлтанғазиндер отбасы» уақыт көрсеткішімен алға шықты. Жарысқа қатысушы отбасылардың балалары үлкен дайындықпен келгендіктерін көрсетті. Жарыс кезінде балалары ата-аналарынан қалыспай, жеңіске деген құлшыныстарын білдіріп отырды. Доппен кеглдерді ұрып құлату кезеңі бойынша «Амантаевтар отбасы» алға шықты.
Қызықты өткен 3 кезеңде отбасы мүшелері қаз жүріспен, поезд тәріздес жүріп бағанға жету болатын. Бұл кезеңде уақытты тиімді пайдаланып «Сұлтанғазин отбасы» алға шықты. 4 кезең бойынша Әкесі мен анасы белгіленген жерге баласын көтеріп апарып, бағанды айналып өтіп, кері қайту қажет. Бұл кезеңде үш отбасы да жылдам қимылдап, шапшаңдықтарын көрсетті. Тартысты да қызықты өткен спорттық шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен І орынды «Амантаевтар отбасы», ІІ орынды «Сұлтанғазин отбасы», ІІІ орынды «Томаевтар отбасы» жеңіп алды. Жеңімпаз отбасылар мекеме бастығының дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жарысқа қатысқан отбасы мүшелері, оның ішінде балалары өздерінің бойларындағы спортқа деген қызығушылығын көрсете біліп, отбасы бірлігін, ұйымшылдық, жауапкершілік сезімдерін тағы бір сыннан өткізіп, одан әрі жанұя бірлігін нығайтқандай әсерде болды.
Дана Достанова
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<