Отбасымен бірге сайлауға қатысуда
Қызылорда Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектепте №347 және №358 сайлау учаскілері қаласындағы орналасқан.
Сайлау учаскесінің төрағасы Данабек Жақсылықұлының айтуынша сағат 9-дан соң тұрғындар көптеп келе бастаған.
Медицина саласының ардагері Үсен Мақажанұлы отбасымен бірге келіп таңдау жасады.
– Сайлауға қатысу әрбір ел азаматының міндеті. Мен бүгін балаларыммен бірге келдім. Өз таңдауымды жасадым. Елдің жарқын болашағына сенемін. Еліміз аман, бейбіт заман болсын!, – деді ардагер.
Ал қала тұрғыны Әбіш Есенбай алғаш рет сайлау қатысты. Тамыз айында 18 жасқа толған ол, бүгінде жас шаңырақтың иесі екен.
– Кәмілеттік жасқа толу зор жауапкершілік жүктейді екен. Өмірімде үлкен өзгерістер орын алуда. Бұрын бала болдық. Енді ересек азамат ретінде таңдау құқығым бар. Сайлауға алғаш қатысып отырмын. Елдік науқанға қатыса алғаныма қуанамын, – дейді ол.
Бақылаушы Қаракөзайым Амангелді сайлаудың өз тәртібіне сай өтіп жатқанын айтады.
Сайлау учаскесіне шетелдік байқаушылар Marcin Richard және Brunilouise Julia келіп сайлау барысын бақылады. Олар учаскеде жарты сағатқа жуық жұмыс істеп, сайлаудың өз заңдылығына сәйкес жүріп жатқанын атап өтті. Бұл аймаққа 2856 сайлаушы тіркелген. Олардың 1645-і дауыс берді.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<