Карантин кезінде ерлі-зайыптылардың қорқынышқа бой алдырып, ажырасып кетуінің қалай алдын алуға болады? Бұл сауалға психоаналитик Жанар Оспанова жауап берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Карантин кезінде ерлі-зайыптылардың бірге болуы өздері үшін пайдалы деп ойлаймын. Осындай кезде адамдар бір-бірін жақынырақ таниды. Мысалы, жұбайына көңіл бөлуге уақыт таппай жүргенін айтып шағымданатындар бар. Сондай адамдар үшін жақынына көңіл бөліп, қамқорлық танытатын уақыт келді. Осындай кезде жиі ұрсысып қалатын жұбайлар да бар шығар. Ондай кезде ұрсысып отырған өмірлік серігіңіз өмірден өтіп кетсе, өзіңді қалай сезінетініңді көз алдына елестетіп көріңіз. Ұрыс-керіс кезінде өзіңді ұстап, агрессияға жол бермеу керек. Психологияда үш минут үнсіз қалу деген техника бар. Үш минут үнсіз қала алсаңыз үш сағат, үш сағат үнсіз бола алсаңыз, үш күн үндемей жүре аласыз. Үнсіз қалған адам ашу-ызасының еш мағынасы болмағанын түсінеді. Дәл қазіргі карантин жағдайында бір-біріңе түсіністік танытып, бірлікте болу керек», – дейді Жанар Оспанова.
Оның айтуынша, ұрыс-керісті азайту үшін бала-шағаға көп көңіл бөлу керек.
«Қазір балалар да үйде. Оларға көңіл бөліп, ойнап, дамуына көмектесу керек. Ал өзіңіз зерігіп кетпес үшін кітап оқуға болады. Ұялы телефонда көп отыру адамды тез шаршатады, сондықтан 20 минут сайын одан демалу керек. Сондай-ақ, йогамен, дене шынықтырумен, сурет салып, кесте тігумен және әртүрлі дәмді тамақ пісірумен айналысуға болады. Өзінің психологиялық жағдайын басқара алмайтын адам психолог арқылы бойындағы үрей, қорқынышынан арыла алады», – дейді психоаналитик.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<