«ОВ» пен «ЕВ»-тің төркінін білесіз бе?

2673

1

1917 жылы «Алаш» партиясының бағдар­лама­сын жариялаған «Қазақ» газеті большевиктер жауып тастағанша қазақ хал­қының болашағы үшін саяси-ағарту жұмыстарын тоқтатқан жоқ.

Осы газеттің 1915 жылғы соңғы санында Ыдырыс Оразаұлы деген студент «Еуропа халықтарында жоқ, бізден өзге патшалық  мұсылмандарында жоқ» деген мақаласында «ев» пен «ов»-тың қазақтың төл құжаттарына қалай енгенін мәселе етіп көтерген. Редакция алқасы авторға газет арқылы берген жауабында қазақтың тегі, аты-жөні туралы бірнеше нұсқаны ұсынады да, «қайсысына тоқтап қалдыру керек» деп оқырмандардың тал­қысына салған екен.

Дұрыс мәселе көтер­генмен, мақала авторы орыс патшаларының өз­дері «ев» пен «ов» деген тіркемені фамилияларына қоспағанын білмеген. Атап айтқанда, Ярослав Мудрый, Владимир Мономах, Иван Калита, Иван Грозный,  I Петр, II Екатерина,  I Александр,  II Александр,   I Николай,  II Николай. Қарап отырсақ, ешқайсысында «ов» пен «ев» деген тір­кеме жоқ. Тіркеме орнына әкесінің аты, не халық қойған лақап аты, не реттік саны жазылған.

Тіпті «фамилия» де­геннің өзі орыс сөзі емес, латын сөзі орыстың «семья» деген сөзіне келіңкірейді. Рас, Романовтар деп атаған, онда да  тек  Михайл Романов  ұрпағының  300 жыл тақтан түспей келе жатқанын    мақтанышпен   атау  үшін ғана керек болған. Арғы тегінен  дворян болып келе жатқандар да бұл тіркемені қолданбаған. Русь православие дінінің басшылары да  фамилия  дегенді білмеген, орыстар  бұл тіркемені  қорлық  деп есептеген.

Енді тіркеменің шығу тарихына келсек, поме­щик­тердің  басыбайлы  шар­уалары бол­ған. Далада егістіктен немесе мал  жайылымынан  өтіп бара жатқанда  помещикті көр­ген  орыс шаруалары  бас киімін   алып иіле­тін болған. Сонда помещик  «Сен кімнің басыбайлы  құлысың?» (Чей ты холуй?) деген сұраққа шаруа  «Мен Иванның басыбайлы құлымын»  (Я Иванов холуй) деп жауап қайтаратын болған. Иван холуйларын   ұрып-соқ­ты, сатты, туысқандарына   сый­­лады, тіпті ашу үстінде  өл­­тіріп тастаса да ерікті бол­ды. Мағынасы осындай жалғау тіркестерді орыс патшалары мен  дворяндары, дінбасылары  қалай қабылдасын. Ал, Ресейде  құл иеленушілік  1861 жылдың ақпан айына дейін, яғни басыбайлылық жо­йыл­­ғанға дейін сақталды. Қазақтардың  ата-тегін  қа­ғазға түсіру 1773-1775 жыл­­дардағы  Е.Пугачев  кө­­те­рілісіне қатысқан  қа­зақ­тарды қолға түсіріп сот­тағанда  тегіне «ов» пен «ев»-терді жазудан басталды. Сосын қажылыққа баратын қазақтарға Ресей бодандығында  бол­ғандықтан,  төлқұжат бергенде  осы жалғау  тіркестер  қосылып  жазылды. Орыс шенеуніктерінің  атына не қосып  жазып жатқанында қазақтың  ісі болған жоқ, әйтеуір  бір жапырақ   қағаз қолға  тигеніне  риза болып, қажылыққа аттанып  жатты. Меніңше осы мәселені алғашқы рет  ойланып, «Қазақ»  газетіне   мақала жазған студент Ыдырыс  Оразалыұлы екендігін  айту қажет.

Міне, содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, біз әлі  де «ов»  және «ев» деген тіркемеден арыла алмай  келеміз. Неге? Менің құрдастарым айтады: «Біз жоғары оқу орнын бітіргенде  дипломға «ов» және «ев» деген тіркес жазылып кетті, кейін  зейнеткерлікке  шыққанда дип­ломдағы  фамилия мен төл­құжаттағы фамилиямыз  сәй­кес келмесе, сандалып жү­ретін шығармыз» дейді. Мысалы, мен  1975 жылы 16 жасқа толып қызыл түсті  кеңестік  паспорт алғанда  тегім Туменбаев Бахитжан  Абдуллаевич деп жазылды. Кейін Түменбай  Бақытжан  Абдуллаұлы  бо­лып жеке куәлік  алдым. Әкемнің шын есімі  Әбділда  деген­мен, ол  басқа есім деп өз­герт­кен жоқ, Абдуллаұлы  дегенді қанағат тұттым. Мен Түменбайдың  холуйы  емес, немересі екенмін, сол «ев»-тен құтылғаныма қуандым.

Тәуелсіздік алғаннан кейін жер, су, елді мекен­дердің  аттары қайтарылып жатыр. Семипалатинск-Семей, Целиноград – Ақмола, Щевченко – Ақтау, Гурьев – Атырау, Алма-ата Алматы болды. Енді Петропавл мен Павлодардың бұрынғы аттарын қайтару үшін бүкілхалықтық референдум немесе  арнайы заң керек екен. Ресей отаршылдары кезінде  халықтан  сұрамай-ақ, ешқандай  заңсыз-ақ,  біздің елді мекендерімізді өзгертіп жаза салған жоқ па?!

Адамның  тегі ұлттық  бет-бейнемізді білдіріп тұ­руы керек. Мысалы, тегі­нің жазылуы мен айтылуы «швили» болса грузин, «ян» болса армян, «оглы» әзербайжан  екенін бі­леміз. Біз қашанғы  бодандықтың  қамыты сияқ­ты «ов» пен ова»-ны мой­нымызға артып жү­ре­­міз? Ойланып қарасам, бұл тіркеме  маған «құл» мен «күң» деген сияқты болып тұрады. Біз тәуелсіз елдің «ұлы» мен «қызы»  деген ардақты  сөзді алып жүрейік, ағайын!

Бақытжан Түменбай,

тарих пәні мұғалімі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<