Қазақ тілінің әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздік желісіне енуі мен ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуының дәлелі саналатын тұңғыш мәрте «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігінің ғылым мен білімнің іргетасы қаланған киелі мекен – Сыр елінде тұсауы кесілді.
Бұл шараға арнайы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы қатысып, сөз кезегінде: «Әлемге әйгілі Оксфорд университетінің баспасынан ресми рұқсат алынып, Oxford English Dictionary әдістемесі мен технологиясына сәйкес әзірленген сөздікті басып шығаруда 50-ден астам тәжірибелі лингвист – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары төрт жыл үздіксіз еңбек етті. Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе, қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы жаңалықтар ескерілді. Бұл – бір емес, бірнеше жылдық ізденіс пен еңбектің жемісі, баспадан 10 000 дана болып шығарылған сөздік республиканың барлық жоғары оқу орындарына табысталды. Бүгінгі салтанатты шара барысында Сыр елінің мақтанышына айналған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне 65 дана табысталғалы отыр. Бұл қазақ тілінің әлемдік деңгейде өркен жаюына әсері зор бастама деп есептеймін» – деді.
Ең қуаныштысы, жоғарыда аталған сөздік авторларының құрамында Орталықтың ағылшын тілінің оқытушысы қызметін атқарған әріптесіміз, қазіргі таңда Еуразия Ұлттық Университетінің филология факультетінің докторанты Байқадам Асылзат Наурызбайқызы да бар. 60 мың сөзден тұратын Oxford сөздігін құрастыру – үздіксіз ізденістің жемісі. Әріптесімізді жемісті жаңалығымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<