Озық тауар, үздік өнім, сапалы қызмет әрдайым сұраныста

825

0

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына биыл 80 кәсіпкер қатысуға өтінім берсе, оның 64-і өзара бақ сынады. Оған облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы келіп, әрбір кәсіпкердің өнімімен танысып, шараның маңызына тоқталды.

– Бізде отандық өнімнің жыл сайын артып келе жатқанына қуанып тұрмын. Былтыр республикалық байқауда «Ұлы дала елі» брендінің жеңімпазы «Асыл дән» ЛТД серіктестігі атанғанын өздеріңіз білесіздер. Биыл да аймақ кәсіпкерлері көш басынан көрінеді деп сенеміз. Бұл шараның ерекшелігі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында елді мекендерден келген қыз-келіншектердің, зейнет жасындағы апайларымыздың әкелген өнімдері қойылған. Жалпы облыста 76 мыңнан аса кәсіпкерлік нысан тіркелсе, оның 35-і сауда, 19-ы ауыл шаруашылығына бейімделген, өнеркәсіп саласы 8,6 пайызды құрайды. Облыс әкімдігі «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен, өңір кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, ішкі нарықтағы қажеттіліктерді қамтуға және импорттық тәуелділікті барынша жоюға бағытталған жобаларды іске асыруымыз қажет. Көрмені аралау барысында импортты алмастыратындай тауарларды өзімізде өндірудің мүмкіндігі барына көз жеткіздік. Мемлекет тарапынан орта және шағын бизнесті қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы барлық қаржы көздерінен кәсіпкерлікті қолдауға 20 млрд теңге бөлінсе, биыл 22 млрд теңгеге артты. Нәтижесінде кәсіпкерліктің даму көрсеткіштері жаман емес. Бұл жұмыстарды жандандыра түсу қажет. Біріншіден, өңірлік қаржыландыру бағдарламасын іске асыру қолға алынып, облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінген. Екіншіден, аймақта бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау үшін қолданыстағы заңнама аясында бөлшек салық мөлшерлемесін 4-тен 2 пайызға дейін төмендету бойынша жергілікті мәслихат шешім қабылдады. Үшіншіден, шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беретін механизмнің бірі – шағын өнеркәсіптік парктер құру үшін республикада  30 млрд теңге қарастырылуда. Оның 1 млрд теңгесі облысқа тиесілі, –деді облыс әкімінің орынбасары.

Биылғы көрме-байқаудың өзгешелігі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы.  Өңірде алғаш рет өтіп жатқан жоба аясында 23 кәсіпкер өтінім беріпті. Бұл жоба Жапон елінен бастау алған. Кейінгі онжылдықта көрші Қырғыз елі де тәжірибеге енгізіп, ел экономикасына айтарлықтай оң өзгерістер әкелген. Бұл жобанің міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, яғни қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орындарын ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру. 2021 жылдан бері елімізде өткізіліп келе жатқан жоба Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде жүзеге асырылған. Аталған облыстарда нан және кондитерлік өнімдер өндіру, жүннен жасалатын бұйымдар шығару, ешкі сүтінен ірімшік, қаймақ өндірісі секілді жобалар жүзеге асырылған.

Шарада қолөнер шебері Роза Әлбатырова түкті кілем тоқудан, суретші-қолөнерші Малика Сұлтанғазина иірілген құрғақ жүннен басу техникасымен панно, сәнді қолөнер, кәдесый, ойыншықтар, аксессуарлар жасау, «Резинарт» және шыныаяқ ұстағыштарды, табақшаларды безендіру бойынша мастер-класс ұйымдастырды.

Көрме-байқаудың нәтижесінде сарапшылар үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша әк тасын өндіретін «ОСТ – ОрдаСтройМаркет» ЖШС, дайын металл бұйымдарын шығаратын «Қызылорда дизайн» ЖШС, ас үйге арналған қыш жабындар әзірлеумен айналысатын жеке кәсіпкер «Nomad» серіктестігі жеңімпаз болды. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында күріш өндірісімен айналысатын «Жаңажол» ЖШС, тұз өндіретін «Алтын орда» ЖШС, күрішті өсіріп, өңдеуші «Асыл дән ЛТД» ЖШС көш басынан көрінді. Сонымен бірге «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша түйе жүнінен төсек-жабдық дайындайтын «Жұмашева Индира» ЖК, «Қазалы кәмпитін» өндіретін «Қазбергенов» ЖК, кондитерлік өнімдер шығаратын «Тәтті әлем» ЖК жеңімпаз атанды.

Облыс әкімінің орынбасары жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сертификат табыс етті. Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Райымов пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова өзге қатысушыларға алғыс хаттар табыс етті.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<