Паралимпиада-2024: Қазақстан құрамасының басты үміткерлері кімдер

1989

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық паралимпиадашылар 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Париж шаһарында өтетін Жазғы Паралимпиада ойындарында бақ сынайды. Бұған дейінгі додаларда қоржынымыз бос қайтқан жоқ. Биылғы бәсекеден не күтеміз? Kazinform агенттігінің тілшісі өткенді шолып, болашаққа көз жүгіртіп көрді.

Жазғы Паралимпиада ойындарындағы жетістіктер 

1996 жылдан бері қазақстандық спортшылар жазғы Паралимпиада ойындарында суда жүзу, парапауэрлифтинг және парадзюдо сияқты спорт түрлерінен 7 медаль (2 алтын, 4 күміс және 1 қола) жеңіп алды.

2016 жылы Риода жүзуден Зүлфия Ғабидуллина алтын медаль еншілесе, Раушан Қойшыбаева парапауэрлифтингтен күміспен күптелді.

2020 жылы Токиода Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 1 қоланы қоржынға салды. Токио алтынын парапауэрлифтингтен Давид Дегтярев иеленсе, үш күмісті парадзюдошылар Дәулет Теміржан, Зарина Байбатина және Әнуар Сариев мойнына тақты. Ал жүзуден Нұрдәулет Жұмағали қолаға қол жеткізді. жеңіп алды. Осылайша, Токиодағы Паралимпиада ойындарының медаль тізімінде Қазақстан 5 жүлдемен 51-орынға тұрақтады.

Зульфия Габидуллина
Фото: olympic.kz
Давид Дегтярев
Фото: olympic.kz
Даулет Темиржан
Фото: paralympic.kz
Зарина Байбатина
Фото: olympic.kz

Париж һәм отандық паралимпиадашылар

2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарында ел құрамасы сапында пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, каноэде есу, пара таэквондо, отырып волейбол ойнау, пара ату, үстел теннисі, пара дзюдо сияқты 9 спорт түрінен 44 спортшы жүлдеге таласады.

Айта кетейік, додаға Паралимпиада ойындарының чемпиондары Зульфия Ғабидуллина мен Давид Дегтярев, Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері Раушан Қойшыбаева (күміс) пен

Нұрдәулет Жұмағали (қола) қатысып, тағы бір мәрте мықтылығын паш етпек.

Нурдаулет Жумагали
Фото: olympic.kz

Ең көп лицензияны парадзюдошылар (10 адам) жеңіп алғанын атап өткен жөн.

Қазақстан құрамасының үміті

Танымал спорт журналисі Дмитрий Нестеренко Қазақстан биыл рекордтық лицензия жеңіп алғанын атап өтті. Сәйкесінше, қоржынға түсетін медаль саны көп болады деген үмітте.

«1998 жылдан бері алғаш рет лицензия алған біздің параволейбол командасының өнерін тамашалау қызықты болғалы тұр», – деді Нестеренко.

Оның айтуынша, Зүлфия Ғабидуллина мен Нышан Өмірәлінің, сондай-ақ парадзюдо құрамасының өкілдерінің жүлдеге мүмкіндіктері зор.

«Егер медальға деген үміт туралы айтатын болсақ, әрине, суда өзін балықтай сезінетін Зульфия Ғабидуллинаны атап өтуге болады. Жас көрсеткішіне қарамастан, ол екінші паралимпиада алтынын алуды мақсат етіп отыр. Әрине, парадзюдо мен паратаэквандодан да медаль күтеміз. Екі дүркін әлем чемпионы Нышан Өмірәлі де Парижде алтын алуға тырысатыны анық», – деді ол.

Сонымен қатар, Нестеренко Севда Алиеваның пара атудан медаль алуға үміті бар екенін болжап отыр. Ол пара-биден ауысып, жаңа спорт түрін жедел меңгеріп алғанын атап өткен жөн.

«Мен Севда Алиеваның пара атудан медаль алатынына сенгім келеді. Ол пара биден жақында ғана ауысты, бірақ чемпиондық рух аз уақыттың ішінде Паралимпиада жолдамасын иеленуге мүмкіндік берді», – деді ол.

Спорт журналисі Давид Дегтяревтің де жетістігіне үміттенетінін айтып, Әли Мақұлбеков өнер көрсететін пара атлетика мен пара үстел теннисінен лицензиялардың бар екенін еске салды. Яғни, күтпеген жерден ел қоржынына жүлде түсуі де ғажап емес.

Делегациялар мен қатысушылардың рекордтық саны

«2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына делегациялар мен әйелдердің рекордтық саны қатысады», деп хабарлады Халықаралық Паралимпиада комитеті.

Командалардың үздіксіз келуіне байланысты соңғы сандар әлі анықталып жатыр, жалпы, 168 делегация сапында шамамен 4400 спортшы қатысады деп болжануда.

Делегациялар саны Лондон-2012 және Токио-2020 Паралимпиада ойындарында тіркелген (164) рекордық көрсеткіштен асатынын жаздық. Ал қатысушылар саны бойынша алдыңғы рекорд Токио ойындарына (4393 спортшы) тиесілі еді.

Париж Паралимпиада ойындарында 1983 әйел спорттың 22 түрінен 549 медаль үшін сайысқа түседі.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан атынан 44 спортшы жүлдеге таласады. Бұл да рекордтық көрсеткіш екенін еске саламыз.

2024 жылғы Паралимпиада ойындарындағы бес ірі делегация

2004 жылы Афиныдан бері әрбір Паралимпиада ойындарында медальдар саны бойынша көш бастап келе жатқан Қытай биыл 282 спортшысына сенім артып отыр.

Бразилия 255 спортшысымен екінші орында тұр. Жарысты қабылдаушы ел Франция 237 спортшымен қатысады.

АҚШ құрамында 220, Ұлыбритания сапында 201 спортшы бар.

Бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов екі ту ұстаушыға – Азия Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетовке (параволейбол) және оқ атудан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Әлиеваға мемлекеттік туды табыс еткен болатын.

Сондай-ақ, XVII Жазғы Паралимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық паралимпиадашылардың алғашқы легі Парижге аттанды.

Бүгін, 28 тамызда Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді.

Жарыс кестесі:

– 29, 30, 31 тамыз: паратаэквондо;
– 29, 31 тамыз, 2, 5, 6 қыркүйек: параволейбол;
– 30, 31 тамыз, 4, 5 қыркүйек: жеңіл атлетика;
– 31 тамыз, 1, 4 қыркүйек: оқ ату;
– 1, 3, 4, 5, 6 қыркүйек: жұптық жүзу;
– 1, 2, 4, 6, 7 қыркүйек: үстел теннисі;
– 5, 7 қыркүйек: пауэрлифтинг;
– 5, 6, 7 қыркүйек: парадзюдо;
– 6, 7 қыркүйек: параканоэ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<