Еңбектің киелі құдіретін дәлелдеген ардагерлерді ұлықтау, ғұмыр жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету – бүгінгінің парызы. Соның бір көрінісі – аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени- рухани дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды ардақтап, құрмет көрсету шараларын өткізу кейінгі уақытта дәстүрге айналды.
Ел дамуына елеулі еңбек сіңірген, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Өмірбек Шәменовті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мерейлі 70 жасымен құттықтады.
– Сырбойлықтар еңбектің парқын біледі, мәні мен мағынасын түсінеді, қадірі мен қасиетін барынша жоғары бағалайды. Бүгінгі ресми жиынымыз да – өмірдегі барлық жақсы істердің ұйытқысы – адал еңбектің, оның киелі құдіретін танытушы тәжірибелі адамның мерейлі мерекесіне арналады. Қазақта «Есігіңнің алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген сөз бар. Үлкендеріміздің әрбірі еңсесі биік елдің іргесінің сөгілмеуін, келешек ұрпақ жолының ашық болуын тілеп, тұтас қауымды бірлікке үндеп келеді.
Құрметті Өмірбек Мөрәліұлы, қажырлы еңбек пен берекелі бейнеттің зейнетін көріп отырған бүгінгі мерейтойыңызда деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, сарқылмас қажыр-қайрат, құт пен береке тілеймін! Игі істеріңіз ұрпақтарыңыз бен ізбасарларыңызға, барша жерлестеріңіз бен дүйім халқымызға жұғысты болсын! Сізді ақ пейілді Сыр жұртшылығының атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! – деді облыс әкімі. Сондай-ақ мерейтой иесіне облыстың «Құрмет» грамотасын табыстап, қазақтың игі дәстүрімен иығына шапан жапты.
Басқосуда Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Садық Әлиев мерейтой иесіне жылы пікірін білдірді.
– Өмірбек еңбекке жастайынан араласты. Оның қызметке кірісуі тәуелсіздік алған жылдармен тұспа-тұс келді. Сол қиын-қыстау кезеңде көптеген шаруашылықтардың тарап кетпеуіне үлес қосты. Бұл – үлкен іс. Азамат үшін туған жерінің гүлденуі мен өркендеуі жолында еңбек ету – бір бақыт, – деп толықтыра түсті ардагер.
Сонымен қатар, Жалағаш және Қармақшы аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Шахизат Төребаев әріптесінің әрбір істі тыңғылықты, сабырлы, жауапкершілікпен атқаратынын айтты. Бұл әулеттегі азаматтардың Сыр бойында өзіндік орны барына, әрқайсысының қолтаңбасы бөлек екеніне тоқталды. Ал келесі кезекте сөз алған қоғам қайраткері, Арал, Жалағаш, Қармақшы аудандары және Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Биғали Қаюпов бұл дәстүрлі шараның ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын тағылымды, көреген іс екенін тілге тиек етті. Замандасының өнегелі ісін, туған елді дамытудағы іскерлігін, азамат ретіндегі ғибратты ғұмырын әңгімеледі.
Шара соңында Өмірбек Шәменов әріптестеріне алғыс айтып, жұбайы Сәуле Шәменованың жазған кітабын облыс әкіміне сыйлады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<