Париж-2024: Олимпиада ойындарының ашылуына 1 күн қалды

61

0

Фото: OLYMPIC.KZ

Франция астанасы Париж қаласында өтетін биылғы жылдың басты додасы — XXXIII Олимпиада ойындарының ашылуына тура 1 күн қалды. Ертең, яғни 26 шілде күні ойындардың ресми алауы тұтанады.

Дәл қазір Париж қаласында Олимпиада ойындарына қызу дайындық жүріп жатыр. Қонақтарды күтіп алу, орналастыру. Тілшілер қауымы да өз тірліктерімен абыр-сабыр.

Фото: Ильфат Абдуллин

Ертеңгі ойындардың ашылу салтанатына орай көшеде қауіпсіздік қызметтері де күшейген.

Айта кетсек, кез келген Олимпиада алдында сол елдің ішіндегі қалаларда алау эстафетасының өтетіндігі белгілі. Париж Олимпиадасындағы алаудың дизайнында су, теңдік және әлем тақырыптары қамтылған.

Эстафета барысында алау Атлант, Үнді, Тынық мұхиттары арқылы бірнеше аралды қамтиды. Ал Париж Олимпиадасының ашылуы Сена өзенінде өтеді.

Бүгінгі таңда спортшыларымыз Олимпиада қалашығындағы аумағы 300 мың шаршы метрді құрайтын қонақүйлерге жайғасып, жарысқа тыңғылықты дайындалып жатыр. Әлемнің 200-ден астам елінен 15 мыңға жуық спортшыларды орналастыратын ғимарат заманауи және әр түрлі пішінде негізі қаланған. 7 жыл уақыт жұмсалған 80-нен астам ғимаратта 7 200 бөлме бар.

Фото: Кунсая Қурмет-Раҳимова/Jibek Joly

ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Эйфель мұнарасының етегіндегі Трокадерода орналасқан Чемпиондар саябағында марапатталады.

Олимпиада медальдары бұрын жөндеу жұмыстары кезінде алынған Эйфель мұнарасының түпнұсқа сынықтарының балқымасынан жасалған.

Алтыбұрыш пішінінде жасалған бөліктің ортасында Жазғы Олимпиада ойындарының логотипі тұр. Алтыбұрыш – Францияның картасы.

Медальдың артқы жағында гректер үшін жеңіс құдайы саналатын Ника, Афинадағы Акрополь және Эйфель мұнарасы бейнеленген.

Фото: ХОК баспасөз қызметі

Париж Олимпиадасы — Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қатысқалы отырған сегізінші жазғы Олимпиадасы болмақ. Сондай-ақ, Еуропа құрлығында үшінші рет (Афина, Лондон, Париж) бақ сынайды.

Фото: Kazinform

Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында жалпы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан спортшылары төрт жылдық додаға 80 атлет спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды.

Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға көк байрағымызды табыстаған еді.

Фото: Akorda

Қазақстан спортшылары осыған дейінгі Жазғы Олимпиада ойындарында 12 спорт түрінен жүлде жеңіп алғанын.

Олар:

Бокс —7 алтын, 7 күміс, 10 қола;

Жеңіл атлетика — 2 алтын, 1 күміс, 2 қола;

Ауыр атлетика — 1 алтын, 3 күміс, 6 қола;

Грек-рим күресі — 1 алтын, 2 күміс, 2 қола;

Велоспорт — 1 алтын, 1 күміс;

Қазіргі бессайыс — 1 алтын;

Жүзу — 1 алтын;

Еркін күрес — 3 күміс, 7 қола;

Дзюдо — 2 күміс, 2 қола;

Нысана көздеу — 2 күміс, 1 қола;

Карате — 2 қола;

Таеквондо — 1 қола.

Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның 14 Олимиада чемпионы бар.

Олар:
Юрий Мельниченко 1972 жылы, 5 маусымда дүниеге келген. Грек-рим күресінен 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы.

Василий Жиров 1974 жылы, 4 сәуірде Балқаш қаласында дүниеге келген. Бокстан (81 келіге дейінгі) Атланта Олимпиадасының чемпионы.

Александр Парыгин 1973 жылы дүниеге келген. Бессайыстан Атланта Олимпиадасының жеңімпазы.

Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының чемпионы. 2000 жылдың 31 желтоқсанында өмірден өткен.

Ольга Шишигина 1968 жылдың 23 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеге келген. Жеңіл атлетикадан Сидней Олимпиадасының чемпионы.

Ермахан Ыбрайымов 1972 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысында дүниеге келген. Боксшы 71 келі салмақта Сиднейде жеңімпаз атанды.

Бақтияр Артаев 1983 жылы 14 наурызда Тараз қаласында дүниеге келген. 2004 жылғы Грекияның Афины қаласында өткен Олимпиадада бокстан 69 келі салмақта топ жарды.

Бақыт Сәрсекбаев 1981 жылы 29 қарашада дүниеге келген. Бокстан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы.

Алла Важенина 1983 жылы 29 мамырда дүниеге келген. Ауыр атлетикадан Бейжің ойындарының жеңімпазы.

Серік Сәпиев 1983 жылдың 16 қарашасында Абай қаласында дүниеге келген. Бокстан 69 келі салмақта 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы.

Ольга Рыпакова 1984 жылы, қарашаның 30-ында Өскемен қаласында дүниеге келген. Жеңіл атлетикадан Лондон қаласында өткен Олимпиаданың алтын медаль иегері.

Александр Винокуров 1973 жылы, 16 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Велошабандоз. 2012 жылғы Лондондағы XXX жазғы Олимпиада ойындарында бас жүлдені жеңіп алған.

Данияр Елеусінов 1991 жылы, 13 наурызда Қазталов ауданында дүниеге келген. Боксшы. 2016 жылғы Бразилиядағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы.

Дмитрий Баландин 1995 жылдың 4 сәуірінде Алматы қаласында дүниеге келген. Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI Олимпиада ойындарында 200 метр браспен Қазақстанға жүзуден тұңғыш алтын медаль алып берген спортшы.

Алда Париж Олимпиадасы

Бұл күндері Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлері толығымен аяқталды. Қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыз соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды. Нақтырақ айтсақ, бокс, дзюдо, спортттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннис, велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен Олимпиада ойындарында сынға түседі.

Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<