Бүгін жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Ақмарал Әлназарова және Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев ауданға келіп, спортшылар және медицина қызметкерлерімен кездесті.
Алдымен, халық қалаулылары аудандық спорт клубы ғимаратының жұмысымен танысты. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аймақ басшысының қолдауымен спорт клубы өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, спортпен тұрақты шұғылданатын сырдариялықтарға жақсы жағдай жасалғанын атап өтті.
Спорттық нысанда депутаттар өткен жыл еліміз үшін табысты қорытындыланғанын, оның ішінде Парламент депутаттары нәтижелі жұмыстар атқарғанын жеткізді. Осы жылы да ел мүддесі жолында көптеген заңнамалар қаралатынын атап, спорт саласы қызметкерлерінің әлеуетін арттыруға басымдықтар берілетінін тілге тиек етті және ұсыныс-пікірлерін, мәселелерін тыңдады.
Мұнан соң аудандық емханада медицина саласының қызметкерлерімен кездесіп, ұлт денсаулығын жақсарту үшін көптеген өзгерістер жүзеге асып жатқанын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында елімізде, оның ішінде аймақта медициналық нысандар жаңарып жатқанына тоқталды. Денсаулық сақтау саласындағы проблемалық мәселелерді талқылап, сала қызметкерлерінің ұсыныстарын тыңдады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<