Бүгін «Қазақстан Халық партиясы» Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен партия мүшелері облыстық онкологиялық орталықтың жұмысымен танысты. Партиялық бақылауды облыстық мәслихат депутаты, «ҚХП» Қызылорда облыстық филиал төрағасы Қайрат Ерназаров, партияның белсенді мүшесі Талғат Телеубаев жүргізді. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық бөлімінің басшысы Раушан Бақтыберлина, облыстық онкология орталығының басшысы Нұржамал Мырзагалиева, қалалық №3,6 емхананың бас дәрігерлері қатысты.
Қазіргі кезде Қазақстан Халық партиясы елдегі онкологиялық дерттің статистиканың өсуіне Үкімет назарын аудартып отыр. Қазақстан Халық партиясының сайланған Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар аталған мәселені мінберде депутаттық сауал жолдап, онкологиялық аурулардың алдын алу мен емдеуді күшейтуді ұсынды.
Осыған орай «ҚХП» Қызылорда облыстық филиалы өңірдегі онкологиялық орталықтың жұмысымен танысып, науқастарға қандай көмек көрсетіліп жатқанын, дәрі-дәрмектің жеткіліктілігін қадағалады.
Қызылорда облысында өткен жылы онкологиялық ауру бойынша 4700 адам тіркелсе, биылғы жылдың 9 айында 5332 науқас деспансерлік есепке тұрған. Бұл көрсеткіштен аурушаңдықтың 11,1 пайызға өскені байқалады.
Мамандардың айтуынша, қазір аймақта сүт безі қатерлі ісігі алдыңғы орында тұр. Одан кейін өкпе, асқазан, жатыр мойны қатерлі ісіктері де кең етек жайып отыр. Партиялық бақылау нәтижесінде өңірде онколог дәрігерлердің жетіспейтіні анықталды. Сондай-ақ онкологиялық ауруды ерте анықтау үшін тұрғындардың тұрақты түрде скринингтен өту мәселесі ақсаңдап тұрғаны айтылды. Оған басты себеп – халықтың МӘМС жүйесін уақытылы төлемеуі. Осыған орай қызылордалық дәрігерлер қатерлі ісікті ерте анықтайтын скринингтен өтуді әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне ауыстыруды сұрайды.
Мамандардың айтуынша, сонда ғана онкологиялық ауруды ерте жастан анықтап, алдын алуға үлкен мүмкіндік туады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<