Партияның алдағы бағыты айқын

766

0

«Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова төрағалығымен партия активі отырысы өтті.

Оған облыстық саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының мүшелері мен аумақтық партия филиалдарының төрағалары, партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңес төрағалары, бастауыш партия ұйымдары жетекшілері мен «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері қатысты.

Жиында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова кезектен тыс ХХІІ съезд қорытындысы мен партияны жаңғырту бағдарламасының басым бағыттарын іске асыруда алда тұрған міндеттер жайында баяндама жасады.

– Бұл бағытта аймақтағы 241 бастауыш ұйымында арнайы жиын өтіп, олардың жетекшілері атқарылған жұмыстың тиімділігіне сараптау жүргізді. Партия филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестердің 2022 жылға арналған жоспары таразыланды. ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары ақпан айында облыста арнайы жұмыс сапарымен болып қайтты. Депутаттар ауылдық жерлерде тұрғындармен жүздесті. Олардың басым көпшілігін шалғай елді мекендер құрайды. Депутаттар 12 қоғамдық қабылдау өткізіп, 130-дан астам өтініш тыңдалды. Партияның облыстық, қалалық және аудандық жол карталарында 2021 жылға 717 іс-шара жоспарланса, олардың 96 проценті толықтай орындалды. Ал 29 шара бүгінгі күні іске асырылуда, – деді Л.Төрешова.

Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов партияның жаңғыру бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндап берді. Әрбір мәселені шешу бағытында партия ішінде талқылау өтіп,  нақты дайындық жасалғаны дұрыс. Бұл проблеманың оң шешілуіне өз септігін тигізеді.

Партиялық қызметтегі жауапкершілік пен партиялық бақылау жұмыстарын жаңаша жүргізу туралы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов, партиялық жаңғырудағы жастар алдында тұрған міндеттер туралы жас депутаттар корпусының мүшесі Еркебұлан Аяғанов хабарлама жасады.

Актив отырысының күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, жиын соңында филиал төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы барша партия белсенділерін Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құру бойынша реформаларында айқындалған еліміздің табысты дамуына бағытталған міндеттер мен партияны жаңғырту жұмыстарын бірлесе де белсенді атқаруға шақырды.

– Саяси ұйымның жергілікті құрылымдарының алдағы уақытта назар аударуға тиісті бағыты айқын. Ендігі кезекте партиялық жаңғыру бағытындағы міндеттерді қарқынды жүзеге асыру – барлығымызға міндет. Партия филиалы халықпен кері байланыс тиімділігін арттыру мақсатында филиал жанындағы қоғамдық кеңестердің, партиялық бақылау комиссиясы құрамының сапасын арттыру жұмыстары күшейтілуі қадағаланады, – деді Гүлшара Наушақызы.

«СБ» ақпарат