«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2024» байқауының жеңімпаздары марапатталды

47

0

Бүгін Сыр өңірінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2024» республикалық байқауы өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шарада креативті идеяларымен үздік шыққан, шығармашыл, digital ұстаздардың есімдері аталды. Марапаттау рәсімінде сөз алған филиал директоры Бауыржан Тәжімағанбетұлы байқауға қатысқан әрбір педагогтің ізденісі мен жаңашылдыққа ұмтылысы кәсіби өсуіне, шеберлігін шыңдауға себеп болатындығын ерекше атап өтіп, дәстүрлі байқауда озық ойымен, мол тәжірибесімен бөліскен ұстаздарға алғысын білдірді.

Бейнесабақтар мен бейнедәрістер байқауы 12 бағыт бойынша ұйымдастырылып, Қызылорда облысынан 231 өтінім келіп түскен. Соның ішінде, шығармашылық жұмыстары жоғары бағаланған 70 қатысушы өңірлік кезеңнің жүлдегері атанды. 1-орынды иеленген жеңімпаз мұғалімдердің 12 бейнесабағы байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.

Марапаттау рәсімінде жүлдегер-педагогтерге 1, 2, 3 дәрежелі дипломдар табыс етілді. Өңірлік кезеңге қатысқан барлық қатысушыларға бірыңғай үлгідегі сертификаттар беріледі.

Барлық қатысушыларды марапаттарымен құттықтай отырып, республикалық кезеңге жолдама алған ұстаздарға сәттілік, жеңіс тілейміз!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<