Білім саласы үшін әр оқу жылының қорытындысы өте маңызды. Өйткені осы нәтиже мыңдаған жастың болашағына жол ашады. Айталық, ҰБТ-да алған бағасы арқылы мемлекеттік грантқа ие болғандар өз таңдауына сай мамандық бойынша жоғары білім алып шығады. Ал жас түлектің ЖОО-да тегін білім алуы ұстаздарының абыройы әрі отбасы үшін үлкен жетістік екені сөзсіз.
Биыл, 2023-2024 оқу жылында облыс бойынша 8 285 оқушы мектеп бітірсе, оның 7 391-і ҰБТ-ға қатысқан (өткен оқу жылында 7 219 түлек). Мемлекеттік грант конкурсына қатысқандар саны – 6 252. Жалпы айтқанда, биыл мемлекеттік грант иегерлерінің саны – 4 752 немесе 76,1 пайызды құрады.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бердәулетовтің айтуынша, грант иегерлерінің ішінде биылғы мектеп бітірген түлектермен қатар, колледж бітіргендер және өткен жылы шекті балды жинай алмай, осы жылы ҰБТ-ға қайта қатысқан үміткерлердің де үлесі бар.
Мемлекеттік грант иегерлерін мамандықтар бойынша сараласақ, педагогикалық бағыттағы мамандықтарға – 1 651 (34,7 пайыз), медициналық мамандықтарға – 460 (9,7 пайыз), техникалық бағытқа – 1 322 (27,8 пайыз), ауыл шаруашылығы мамандықтарына – 344 (7,2 пайыз), басқа да мамандықтар бойынша – 975 (20,6 пайыз) түлек грант иегері атанып отыр.
Тағы бір назар аударарлық жағдай, биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын белгі» иегерлерінің саны – 542 десек, оның 222-сі яғни 43,7 пайызы өз таңдауына сай педагогикалық бағыттағы мамандықтарға оқуға қабылданған.
Айта кетейік, бүгінде білім беру салалары үшін шекті балл кемінде 75-тен жоғары. Демек жылдан-жылға аталған сала мамандарының сапалық деңгейі арта түседі деген сенім бар. Биылғы мемлекеттік грант иегерлерінің қатарында педагог мамандығын таңдаушылардың басым екені де осыны аңғартады.
Сөзімізді әрі қарай сабақтасақ, «Алтын белгі» иегерлерінің 93-і медициналық мамандықтарға, 95-і техникалық бағытқа, 7-уі ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 91-і басқа да мамандықтар бойынша таңдау жасаған.
Жоғары оқу орындарына түрлі деңгейдегі (жергілікті әкімдіктерден және ЖОО-дан бөлінетін, шетелдік оқу орнының гранттары) гранттар бойынша оқуға қабылдау жұмыстары осы жылдың 25 тамызына дейін жүргізілетінін ескерсек, грант иеленушілер саны әлі де арта түседі.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<