«Педучилищенің қызы» сахнаға шықты

611

0

Жақында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі жанынан құрылған «Ассорти» студенттер театры драматург, жазушы Сұлтанәлі Балғабаевтың «Педучилищенің қызы» шығармасының желісімен осы аттас мюзиклді сахналады.

Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық-драма театры сахнасындағы қойылымға ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы жастар арасындағы мөлдір махаббат негіз болған. Сол уақыттағы педучилищенің тыныс-тіршілігі, халықтың әлеуметтік ахуалы көрсетілген. Мюзикл көрерменін алуан түрлі сезімге бөлеп, көпшілікті жастық шақтың естеліктерімен қауыштырды.

Аэропорттағы екеудің кездейсоқ диалогінен басталған сюжет күріштіктегі жастар жиынына ұласып, күлдіре отырып мұңайтып, кездесу мен қоштасу сәттерінің маңызын көркем жеткізген тұстарда көмейге тас тығылғандай көңілсіз күйге де түсірді. Сахна шымылдығы түрілгеннен бір деммен тамашалаған көрермендер мюзиклдің соңғы сәттерінде өнерпаздар өнеріне ұзақ қол шапалақтады.

Туындының авторы Сұлтанәлі Балғабаев «менің жазған прозалық шығармаларым – негізінен туып-өскен Сыр бойы мен Сарысуда көрген-білгендерім туралы. Солардың бірі –  «Педучилищенің қызы» дейтін әңгімем.

Бұл әңгіменің жазылуында өзінше тарих бар. Сонау 1963 жылдың күзінде мектептің 11-сыныбында оқып жүрген бізді Қызылорда қаласының іргесіндегі Абай совхозына күріш жинауға алып барған еді. Ол жерде М.Мәметова атындағы педучилищенің қыздары да болды. Сөйтіп біраз уақытымыз көңілді, қызықты өтті. Мен кейін жазушы болғанда осы қызықты күндер туралы «Педучилищенің қызы» дейтін әңгіме жаздым. Ол әңгіме кітаптарымда әлденеше рет жарияланды.

Енді осы әңгімемді қазіргі Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Ассорти» атты студенттер театры драматургиялық шығарма етіп, сахнаға дайындапты. Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Жасыратыны жоқ, бұл әңгімемді пьесаға айналдырсам дегенді бір кезде өзім де ойлаған едім, бірақ реті келмеген. Енді сол ойымды жаңа толқын – жастардың жүзеге асырғанына ерекше қуандым. Спектакльдің афишасынан баяғы бозбала кездегі өзім мен сол кездегі қыздарды қайтадан көргендей көңілім толқыды. Осыған орай, арнайы студенттер театрын ашқан педагогикалық колледж ұжымына, театрдың көркемдік жетекшісі Сағадат Шапағат пен қоюшы режиссер Өмірзақ Дидарға және қойылымды дайындауға қатысқан басқа да шығармашылық қызметкерлер мен актерлерге шексіз ризашылығымды білдіремін» деп лебізін жазыпты.

Өнердің  көркем әлемінде көрнекі дүние жасауға ұмтылған жастарға сәттілік тілейміз.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<