Пиязға үш ай тыйым

671

0

Биылғы жылдың 28 қаңтарынан бастап, елімізде пияз экспортына тыйым салынды. «Қазақстан Республикасының аумағынан пияз әкетуге үш ай мерзімге тыйым салу енгізілсін» делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығында.

Қаңтардың 17-де министрлік сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия пияздың Қазақстаннан жаппай шығарылуын болдырмау және оның бағасын тұрақтандыру экспортқа тыйым салу туралы шешім қабылдағанын хабарлаған болатын.

Пияздың пайдасын кешегі пандемия уақытында жақсы көрдік. Әсіресе, қыста күніне екі бас жуаны жеп алсаңыз, ауру-сырқау сізден сырт айналады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінен соң, халық жаппай жуа сатып ала бастады. Бұл әрекеттері бағаның өсіп кетуіне әсер ететінін білмейтін болар. Өйткені не нәрсе қат болатынын күнібұрын естіп алатын жұртшылық жаппай сатып алуға дайын. Оның нақты дәлелін сенбіде Тасбөгет кентінде өткен жәрмеңкеден байқадық. «Байқоңыр» ӘКК-нің ұйымдастыруымен болған ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде пияз бірер сағатта-ақ түгесілген. Сатуға шығарылған 1 тонна пияз әп-сәтте солай тез таусылған. Оның келісі 90 теңгеден сатылғандықтан, өнімді жергілікті тұрғындар қаптап алған.

– Жәрмеңкеде 1 тоннадан астам пияз сатылымға шығардық. Бізде оның бағасы 90 теңгеден болғандықтан, тез өтіп кетті. Бүгінде тұрақтандыру қорында 197 тонна пияз бар. Күнделікті әлеуметтік дүкендерге және жәрмеңкеге шығарып халықты арзан өніммен қамтамасыз етудеміз.  Осы уақытқа дейін бірде-бір жергілікті шаруашылықтан ешқандай ұсыныс келіп түспеді. Сондықтан өнімді Жамбыл облысынан алдырып отырмыз. Ал егер өзіміздің шаруашылықтардан ұсыныс болса, оны қолдауға дайынбыз, – дейді «Байқоңыр» ӘКК басқарма төрағасы Самат  Ерниязов.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарынан саналатын пияздың бағасы әлеуметтік дүкендерде  90 теңгеден сатылуда. Картоп 125, сәбіз 130 теңгеден болса, басқа дүкенде пияздың бағасы үш есе қымбат, яғни 270 теңге, картоп 180-200, сәбіз 180 теңгеден сатылуда. Тұрақтандыру қорындағы пияз мамыр айына дейін жетеді деген болжам бар.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<