Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Қызылорда облыстық полиция департаментінің жаңа басшысы тағайындалды.
Жиынға ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев арнайы қатысып, департаменттің жаңадан тағайындалған бастығын таныстырды.
Сонымен облыстық полиция департаментінің бастығы лауазымына Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы тағайындалды.
Аймақ басшысы Махсудхан Нұғманұлын құттықтап, оның жоғары білімі мен мол тәжірибесін атап өтті.
– Мемлекет тұтастығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту – аса маңызды әрі жоғары жауапкершілікті талап етеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы полиция қызметінің пәрменін күшейту арқылы ел ішінде тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігін баса айтқан болатын. Қоғамның бел ортасынан табылатын, аса жауапты да маңызды міндетті иыққа артқан полиция органдарына жүктелген міндет күрделі. Осыны ескеріп, біз тиісті жағдай жасаудамыз. Соңғы 3 жылдың өзінде құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Асқан жауапкершілікті талап ететін күрделі саланың тізгінін ұстаған Махсудхан Нұғманұлы жоғары білімі мен мол тәжірибесін аймақтың игілігіне арнап, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге зор үлес қосады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Департаменттің жаңа бастығын полиция органдарының құрметті қызметкері Әмірбек Шаймағанбетов те құттықтап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Махсудхан Аблазимов 1962 жылы туған. Қазақ политехникалық институтын «Инженер», Орталық Азия университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Маңғышлақ және Гурьев облыстары ІІБ МАИ-дың қатардағы инспекторы болып бастаған. 1990 жылы Маңғышлақ облысы ІІБ МАИ ЖПҚ 4-ші мотовзводының аға инспекторы болды. Содан кейін Маңғышлақ облысы МАИ ӨЭО бөлімінің іздестіру жөніндегі инспекторы лауазымын атқарды. 1992-2007 жылдары жол полициясы ротасы командирінің орынбасары және Маңғыстау облысы ІІБ жол полициясы басқармасының штаб бастығы, Маңғыстау облысы ІІД бастығының орынбасары болды. 2007- 2009 жылдары Маңғыстау облысының ІІД-ін басқарды. Содан кейін 2010-2014 жылдары ҚР ІІМ орталық аппаратында әртүрлі лауазымдар атқарды. 2014-2016 жылдары Ақтөбе облысы ІІД бастығы болды. 2016 жылдың тамыз айынан БҚО полиция департаментінің бастығы қызметін атқарып келді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<