Полиция – қоғам сақшысы

489

0

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қатысып: «Әрбір мемлекеттің дамуының басты мұраты – ел тыныштығы мен халқының бейбіт ғұмыр кешуі. Бұл ретте, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қызметтері асқан жауапкершілікті талап ететін бүгінгі тәртіп сақшыларының еңбегі ерен. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еліміздің жарқын болашағы жолында атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!»-деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Мерейлі сәтте құқық қорғау саласында елеулі еңбек етіп, қызмет барысында қырағылық танытқан бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Одан соң аудандық полиция бөлімінің бастығы Н. Шегебаев сала ардагерлері мен әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, халықтың ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қалтқысыз қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларына марапаттар табыстады. Сондай-ақ, шара барысында 25 жылдан аса Ішкі істер органдары қатарында үзіліссіз қызмет етіп келе жатқан аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Байоразова Айгүлге «Полиция полковнигі» шені табыс етілді.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлерінің ата-аналарына және зейнет демалысына шыққан қызметкерлерге арнайы құрмет көрсетілді. Жиын соңында аудандық полиция бөлімі ардагерлері кеңесінің төрағасы Ж. Жаңабаев ізгі лебізін жеткізіп, күрделі жауапкершілік арқалаған халық сақшыларының жұмысына сәттілік тіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<