«Қазақстанның құқық қорғау және сот жүйесін жаңғыртудағы өзекті мәселелер» атты халықаралық жиын барысында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев реформа бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын айтты.
Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің саны көп, күрделі мемлекеттік орган. Елбасының бастамасымен 2018 жылы бізде реформа басталды. Бұл бағытта көп жұмыс атқарылды, оның үстіне Мемлекет басшысы полиция жұмысының реформасына үлкен көңіл бөліп жатыр. 1 қырқүйек күні Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында полиция қызметін сервистік модельге көшіру қажеттігін атады. Басты мақсат – заманауи, технологиялармен қамтамасыз етілген әрі жұртшылықтың сеніміне ие орган құру, – дейді ол.
Оның айтуынша, ішкі істер саласын жаңғырту бойынша 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген.
Ол бойынша ішкі істер органдарының штатты құрылымы оңтайландырылды. Біз 106 артық басқару буыны мен 1,5 мыңға жуық басқарушылық позицияны жойдық. Ішкі істер органы қызметкерлерінің саны 11 пайызға қысқарды. Қазір полиция саны 100 мың адамға шаққанда орташа есеппен Еуропа елдерінің деңгейіндеміз, яғни 471-ден 373-ке дейін төмендеді, – дейді Тұрғымбаев.
Сонымен қатар ол қызметкерлердің еңбекақысы жақсарып, әлеуметтік қорғау жағы көтерілгенін айтты. 2019 жылғы шілде айынан бастап жалақы 20-65 пайызға өскен, оған қоса, 2021-2023 жылдары жалақыны орташа есеппен 30 пайызға өсіру көзделіп отыр екен.
Сондай-ақ қызметке кадрларды қабылдау жағы жақсартылды. Ведомстволық 12 оқу орнының 5-еуін ғана қалдырдық. Енді полицейлерді тек Алматы, Қарағанды, Қостанай академияларында және Ақтөбе заң институты мен Шымкенттегі оқу орталығында әзірлейді, – деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<