«Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушы сырбойылық үміткерлердің арасындағы 47-ші жария пікір-сайыс өтті. Саяси додаға жеребе арқылы анықталған 4 үміткер қатысты. Додаға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова арнайы қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі.
– Бұл праймериз – нағыз мықтыларды анықтайтын дода. Тұңғыш Президент-Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев праймеризді әділ әрі жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Праймеризге қатысушылардың барлығы елдің ертеңіне сеніммен қарайтын нағыз майталмандар деп білемін. Облыстағы барлық праймеризге қатысушы кандидаттар дебаттарды тиімді пайдаланып, өз мүмкіндіктері мен біліктіліктерін көпшілікке көрсетуі тиіс. Осы орайда барлық үміткерлер алдағы дауыс беруде жоғары нәтиже көрсетіп, партияластарымыздың сеніміне ие болады деп сенеміз. Ал, дауыс беруші партияластарымыз қоғамның сеніміне ие болған, беделді көшбасшыларды анық айқындап, өз таңдауларын жасауы керек. Баршаңызға саяси додада сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі.
Жария пікірсайыс ашық әрі тікелей эфирде өтті. Әрбір үміткер 5 минут ішінде өз бағдарламалары мен өзекті мәселелердің шешілу жолдарын баяндаса, екінші бөлімде сұрақ-жауап арқылы пікір алмасты. Сондай-ақ, үміткерлер тікелей эфирде Facebook әлеуметтік желісінен келіп түскен сауалдарға да жауап берді.
Облыс бойынша праймеризге 502 үміткер тіркелген. Бүгінгі күнге дейін 47 дебат ұйымдастырылып, олардың 248-і жария пікір сайысқа қатысқан. Саяси дебатта үміткерлер жастардың жұмыспен қамтылуы, бұқаралық спортты дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, ғылым мен білімді жетілдіру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта құру мәселесін қозғады.
Өз бағдарламаларының басым бағыттарын ұсынған кандидаттардың бірі коммуналдық қызметтерге қатысты тарифтерді арзандату, білім саласын цифрландыру мәселелерін алға тартса, енді бірі әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашалығы өнімдерін сақтайтын қойма салу, аналар мәртебесі туралы заң қабылдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау шаралары туралы ұсыныстарды ортаға салды.
Айта кету керек, жария пікірсайыс 28 қыркүйек күні аяқталады. Ал, 1-3 қазан аралығында үміткерлерге дауыс беріледі. Бұл мақсатта «Nur Otan» партиясы облыстық филалы тарапынан дауыс беруге және дебаттарды өткізуге арналған 133 орын белгілеген.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<