Праймериз арқылы «Nur Otan» партиясы іскер, көшбасшы, ел сенетін тұлғаларды іріктеп, әлеуметтік лифт қалыптастырмақ. Ел бойынша жүзеге асып жатқан тың бастамаға үлес қосудамын. Менің де қарекетім сол жүйеден байқалуы тиіс. Жаңашылдықты қолдамасақ, жаңалануға үн қоспасақ, жаһандану деген көштің соңында қалмақпыз. Демек, праймериз – жаңашылдық қана емес, саяси жүйемізді ілгері сүйрейтін мықты механизм.
Партияның барлық деңгейдегі тұлғалары сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталасқа көшпек. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсыныстары ел алдында ашық, жариялы түрде саяси пікірталаста айқындалады. Мұндай ашықтық партия қатарын шынайы ұлтжанды азаматтармен толықтыруға және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпіліс әкелетін жаңа көзқарасты саясаткерлердің пайда болуына толық мүмкіндік береді. Прогреске көндіге қою, оған көңіл толу оңай болмайды. Біз, жастар – туған жеріміздің патриотымыз. «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеуі осындай қарымды жастарға мол мүмкіндік беріп тұр. Бастысы, оған немқұрайлылық танытпау қажет.
Өйткені, халықтың болашағы жолында аянбай еңбек ету қасиеттен. Болам дейтін баланы көп ішінде не айшықтайды? Қарым-қабілет, мінез, болмыс, тағысын тағы. Сондай қасиеттің біршамасы бойда бола тұра туған жерге, өсіп-өнген елге сүйіспеншілік болмаса бәрі бекер. Мені де қанаттандыратын – Отанға деген махаббат.
«Nur Otan» партиясының қолға алған партияішілік іріктеу, нағыз көшбасшыларға жол ашу қадамын мен де қуаттаймын. Бұл еліміздің әлеуеттік даму динамикасына оң серпін береді.
Гүлдәрі ИМАНАЛИЕВА,
«Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық
филиалының консультанты,
«Jas Otan» ЖҚ аудандық бөлімше басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<