Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласына жұмыс сапары «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанатымен басталды. Аталған композиция данышпан Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ашылды. Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Турағұлмен бірге бейнеленген. Композиция идеясы портреттік ұқсастықты ғана көздемеген. Автор ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен. Мемлекет басшысы жұртшылықты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құттықтап, хакімді біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті.
– Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртатынымызды айта келіп, Абай аманатына адал болуымыз керек деді. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы ақын айтқан асыл қасиеттерге байланысты екеніне тоқталды. – Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек! – деді Мемлекет басшысы.
Президент биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән берілгенін, мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткенін, ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылғанын айтты. – Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын. Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін! – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев. Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Президент Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-мұражайын аралап көрді. Мұражай 1940 жылы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ашылған. Бұл Қазақстан тарихында тұңғыш әдеби-мемориалды мұражай саналады. Ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай музей залдары қайта жөнделіп, ғимараттың қасбеті мен аумағы жаңартылған. Бүгін Мемлекет басшысы салтанатты түрде ашқан «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші де осы мұражай аумағында орналасқан. Президентке мұражайдағы жаңа экспозициялар ұсынылды. Айта кетейік, енді музейге келушілер экспонаттарды көріп қана қоймай, заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен Абай өмір сүрген заманның рухын сезініп, ұлттық аспаптардың үнін тыңдай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев мультимедиялық залдың жұмысына оң баға берді. Сонымен қатар Қазақстан Президентіне «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Ақынның шығармашылығы», «Абайдың поэзиялық мектебі», «Отбасы», «Қара сөздер» залдарындағы жәдігерлер таныстырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет берілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<