Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдыны қабылдады.
Кездесу барысында Дархан Сатыбалдының Түркістан облысында атқарған жұмысына жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары лауазымы басқару процесі мен аймақтар арасындағы ықпалдастықты жетілдіру, өзінің тапсырмалары мен шешімдерінің жергілікті жерде орындалу барысына бақылауды күшейту, сондай-ақ қабылданған шаралардың сапасын жақсартып, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайту мақсатында енгізіліп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасарына нақты міндеттер жүктелді.
Монополияға қарсы шаралардың нәтижесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады.
Президентке Агенттік төрағасы ведомствоның бақылау функцияларын орындауы жөнінде, оның ішінде былтыр қабылданған монополияға қарсы шаралардың нәтижелері туралы есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа негізгі тауар нарықтарында шоғырлану деңгейін төмендету және «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа сәйкес жекешелендіру бағытында атқарылған жұмыстар жайында баяндалды. Агенттік монополияға қарсы 97 істі тергеп-тексеруді аяқтады.
Марат Омаров бәсекелестікті дамыту жөніндегі 2025 жылға арналған жоспарды таныстырды. Монополиялық нарықтардағы бағаға бақылауды күшейту, тергеп-тексерулер мен нарықты талдаудың тиімділігін арттыру үшін заңнамаға тиісті өзгерістер әзірленді.
Агенттіктің цифрлық экожүйесін құру мен дамыту жоспарланып отыр. Бұл жасанды интеллект технологияларына негізделген ақпараттық-сараптамалық жүйені, цифрлық портал мен талдау құралдарын қамтиды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Марат Омаров Қазақстан футбол федерациясының президенті ретінде отандық футболдың әлеуетін көтеру және еліміздегі балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау жоспарын таныстырды.
Кездесу соңында Президент бәсекелестікті дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.
Агенттік жұмысы туралы баяндалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады.
Президентке ведомствоның 2024 жылы атқарған жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде мәлімет берілді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Мемлекет басшысына 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспардың іс-шараларын жүзеге асыру көлеңкелі экономика деңгейін 1,3 пайызға төмендетуге мүмкіндік бергенін баяндады.
Атап айтқанда, Агенттік 1312 қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтап, нәтижесінде 236,8 миллиард теңгенің залалын өтеді. Қылмыстық жолмен табылған 152,3 миллиард теңге кіріс тәркіленді.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 20 және трансұлттық топпен байланысты 1 сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. 42 қаржы пирамидасы жойылып, алаяқтық схемаларды жарнамалайтын 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталды, мессенджерлердегі 327 чат жабылды. Осылайша 2 миллионнан астам азаматтың қаржылай шығынға ұшырауына жол берілмеді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердегі 41 онлайн құмар ойын алаңы, астыртын жұмыс істейтін 30 ойын залы, казино мен букмекерлік кеңсе әшкереленді. 11,7 мыңнан астам онлайн-казино сайтына кіруге тосқауыл қойылды.
Агенттік қызметкерлері 120 миллиард теңге көлеміндегі негізсіз бюджет шығындарының алдын алып, заңсыз крипто алмастырушы арқылы қылмыстық кірістерді заңдастыруға ниеттенген 36 әрекеттің жолын кесті.
Президентке Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің қаржы барлаушылары бірлесе жүргізген арнайы операцияның қорытындысы туралы есеп берілді. Оның нәтижесінде үш ауқымды «наркошоп» жабылып, 35 наркодилер ұсталған. Жалған қаржылық операциялар мен мәмілелер жасаған 1787 заңды тұлғаның қызметі тоқтатылған, сондай-ақ террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуға 1,2 мың әрекет анықталып, бұғатталған.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<