Президент отставкаға кетті

529

0

Вьетнам президенті Нгуен Суан Фук қызметінен кететінін мәлімдеді, артынша елдің Коммунистік партиясының орталық комитеті оның отставкасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат bbc.news-ке сілтеме жасап.

Вьетнамдағы билік жүйесінде компартияның бас хатшысы үлкен билікке ие, дегенмен президенттің де бірқатар өкілеттілігі бар. Сарапшылар пікірінше, Нгуен Суан Фуктың қызметінен кетуі Вьетнамның басқарушы билігінде күштердің орналасу тәртібін өзгертуі ықтимал.

Өткен апталарда Президент отставкасы туралы көп қауесет тарады. Нгуен Суан Фук ел үкіметін басқарған уақытта жұмыс істеген премьер-министрдің екі орынбасары орнынан кеткеннен кейін, Н.Суан Фук көп ұзамай өз отставкасы туралы мәлімдеме жасады. Бұдан бөлек екі министр мен үкіметтегі өзге бірқатар шенеунікке қылмыстық айып тағылды.

Қазір Вьетнам Коммунистік партиясында жемқорлыққа қарсы күрес науқаны жүріп жатыр, оны қатаң тәртіп жақтастары өткізуде. Жүздеген вьетнамдық коммунист тергеуге алынды.

Енді Президенттің отставкасын елдің Ұлттық жиыны мақұлдауы керек, олар осы мәселеге байланысты сәрсенбі күні кезектен тыс дауыс беру өткізеді. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл тек ресми рәсім ғана.

69 жастағы Нгуен Суан Фук 2016 – 2021 жылдар аралығында премьер-министр қызметінде болды. 2021 жылдың сәуірінде ел президенттігіне сайланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<