«Президент қолдауын сезіндік»

330

0

Күз мезгілі – берекелі маусым. Ел іші егін жинау науқанына кірісіп кеткен қауырт шақ. Осы кезеңде облысқа іссапармен келген Мемлекет басшысы Сыр өңірінің тіршілік тынысымен танысты. «Еңбек аллеясында»  жұмысшылармен жүздесті.

– Қазіргідей өте күрделі заманда, ең алдымен, елімізде тыныштық болуы керек. Ең басты құндылық – еліміздің амандығы, халқымыздың татулығы. Сондықтан бар-күш-жігерімізді пайдаланып, еліміз үшін, Отанымыз үшін жұмыс істеуіміз керек, – деді Президент.

Кездесуде Шиелі ауданы Ақмая ауылындағы «Ақмая» шаруа қожалығының бригадирі ретінде өзімнің еңбек жолымды таныстырдым. Мен қырық жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде осы күріш бригадасында еңбек етіп келемін. Кезінде қол жұмыстан бастап, трактор, комбайн руліне отырдым, агроном,есепші болдым.

 Егін жұмыстары қазіргі заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықталып,  жұмыс сапасы арта түскен. Дала академигі Ы.Жақаев атамыз «Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген екен. Расында, адам баласы адал еңбек, маңдай терімен абыройға бөленеді. Алдымыздағы аға буын ардагерлердің, еңбек майталмандарының өнегелі өмір жолы осыған дәлел. Өзім де осы еңбектің арқасында көптеген жетістікке жеттім.

Мемлекет басшысы жүздесу сәтінде жұмысшы мамандарға деген жылы лебізін білдірді.

– Шын мәнінде, еңбек адамдары – біз үшін, халық үшін ең қажет, ең құнды адамдар. Сондықтан еңбек адамдарын сыйлай білуіміз қерек. Әрқашан баршаңызды қолдаймын, – деді Президент.

Кездесуде өзінің пікірін айтқан жас механизатор Айбек Уәлиевтің сөзін де Мемлекет басшысы жылы қабылдап, әрдайым жастарға деген қолдаудың арта түсетінін айтты. Сөз соңында Президент ауыл өмірін жақсартып, ауыл шаруашылығында табысты өнім өндіріп, халықтың тұрмысын көтеру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Ел Президентімен жүздесіп, еңбегімізге берген бағасын естіп, ерекше қуанышқа бөлендік.  Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында өңірімізде үлкен жұмыс жасалып жатыр. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлік бастамалары жақсы нәтиже көрсетуде. Облыс әлеуметтік-экономикалық даму бойынша өңірлер арасында алғашқы үштікке шықты. Киелі Сыр еліміздің әлеуеті артып, әлі талай  биік тұғырдан көрінеді деп сенемін. Біз осы жолда аянбай еңбек ете береміз.

Гүлсім Дәрібаева,

«Ақмая» шаруа қожалығының бригадирі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<