Биылғы 2-4 шілде күндері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-отырысына қатысады.
Осы сапар қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жэньминь Жибао» тілшісіне сұхбат беріп, Қытаймен достық пен тату көршілікті одан әрі нығайту басымдыққа ие екенін айтты. Бұл ұстаным екі ел халқының түпкі мүддесіне толық жауап береді және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа ықпал етеді.
«ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік сапарын 2022 жылы Қазақстанға жасады. Мен былтырдан бері Қытайға үш рет сапармен бардым. Біздің тұрақты достық байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастардың үдемелі дамуының берік негізі саналады. Бұл тұрғыда өзара байланысымыз жаңа «алтын 30 жылдық» аясында дами түседі. Менің досым, құрметті Төраға Си Цзиньпинмен кездесулерімізді ерекше жылылықпен еске аламын. Біз үнемі өзара ашық әрі сенім жағдайында өзекті мәселелерді талқылап, халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасамыз. Мұндай тұрақты өзара байланыс форматы бір-бірімізді жақсы түсінуге мүмкіндік береді, яғни бұл жағдай халықтар арасындағы достықты нығайту үшін өте маңызды деп айта аламыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басылымына берген сұхбатында.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас деңгейі 2019 жылы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік дәрежесіне көтерілгенін айтты. Қытай – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда-экономикалық серіктесі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 41 млрд долларға жетті. Қазіргі кезде мұнай-газ, химия, металлургия, агроөнеркәсіптік, тау-кен және басқа да салаларда ондаған ірі басым жобаларды сәтті жүзеге асырды.
Екі елдің жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша ұстанымдары ұқсас. Бұл тұрғыда халықаралық ұйымдар мен көпжақты құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия-Қытай» диалогы аясындағы күш-жігерді үйлестіріп келеміз.
«Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын мемлекетаралық қарым-қатынастың озық үлгісі ретінде қарастыруға болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Бір белдеу – Бір жол» бастамасы алғаш рет Қазақстан жерінде жарияланған еді.
«Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын ең қысқа құрлық жолдарының торабында қолайлы географиялық орынға ие. Ежелгі Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруының стратегиялық тереңдігі мен тиімділігін бағалай отырып, Қазақстан бірінші болып осынау өршіл әрі келешегі зор жобаны толықтай қолдады» деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Бір белдеу – Бір жол» бастамасы аясында Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтау портындағы жаңа инфрақұрылым, сондай-ақ «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржол дәлізі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автомобиль дәлізі, Сиань логистикалық терминалы сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар пайдалануға берілді. Жалпы, Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық хаб ретіндегі стратегиялық позициясы ерекшеленді.
Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері екі ел білім, мәдениет, туризм, ғылым және технология сияқты салалардағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті.
«Биылғы ақпан айында Шығыс Қазақстан облысындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында құрылған бірінші «Лу Бань шеберханасына» бардым. Осы орайда, Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік кадрларды дайындайтын заманауи зертханаларды көріп, жақсы әсер алдым. Елімізде осындай зертханалардың географиясын кеңейтуге мүдделіміз», – деді Президент.
Осы жылдың наурыз айында Бейжіңде «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының» салтанатты ашылуының ауқымды іс-шарасы өтті, бұл өз кезегінде туристік ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болуы тиіс.
«Қазақстанның туризм жылы аясында ҚХР қалалары мен провинцияларында Қытай азаматтарын қазақтың бай мәдениетімен, салт-дәстүрімізбен және өнер саласындағы жетістіктермен таныстыратын көптеген іс-шара өтеді», – деді Мемлекет басшысы.
Екіжақты қарым-қатынасқа Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтарының өзара ашылуы қосымша серпін бермек. Бұл орталықтар екі ел халқының арасындағы достықтың берік көпіріне айналады.
Атап айтқанда, 2023 жылдың мамыр айында Сиань қаласында бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтіп, оған мемлекет басшылары қатысты. Бұл ретте Президент кейінгі жылдары Орталық Азия елдері мен ҚХР арасындағы экономикалық байланыстар мен сауда қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Былтырдың өзінде Қытайдың Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 90 млрд долларға жуықтады.
«Саммит барысында мемлекет басшылары осы алаң аясындағы практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту және тереңдету бойынша сындарлы ұсыныстарын ортаға салды. Осы форматтағы ынтымақтастықтың қуатты әлеуеті Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық әрі мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», – деді Тоқаев.
Осы жылдар ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы «Шанхай рухы» аясында дамып, халықаралық ықпалы арта түсті. Биыл Қазақстан ШЫҰ-дағы кезекті төрағалығын атқарып жатыр.
«Мен ШЫҰ құрылуының куәсі болдым, яғни келіссөздер мен алғашқы құжаттардың әзірленуі жұмысына қатыстым. Ұйымның 20 жылдан астам дамуынан кейін көптеген ел «ШЫҰ отбасына» қосылды. Биылғы Астана саммиті барысында ШЫҰ өзінің оныншы мүше мемлекетін қарсы алады», – деді ҚР Президенті.
ШЫҰ-ның дамуы аймақтағы және әлемдегі тұрақтылық пен өркендеуді ілгерілетуге оң әсер етеді. Ұйымның негізін қалаушы әрі көпжақты диалогті дамытудың белсенді қолдаушысы ретінде Қазақстан ШЫҰ-ны өзінің сыртқы саясатындағы тұрақты басымдық ретінде қарастырады.
Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға кезекті төрағалық кезінде күш-жігер қауіпсіздік мәселесін шешудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және халықтар достығы байланыстарын нығайтуға бағытталатынын сөз етті. ШЫҰ жалпы әлемдік процестерден шет қалмауы керек. Сондықтан Қазақстан «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» ШЫҰ бастамасын ұсынды. Бұл бастама жоғары бағаланып, барлық мүше мемлекеттің қолдауына ие болды.
«Біз халықаралық қоғамдастықты адал әрі ашық жаһандық диалогті нығайтуға, инновациялық қауіпсіздік үлгілерін енгізуге, әділ экономикалық орта құруға және экологиялық ортаны қорғауда аянбай еңбек етуге шақырамыз. Саммит нәтижесі өзара сенім, теңдік, тату көршілік, өзара кеңесу, мәдениеттерге өзара құрмет, бірлесіп дамуға ұмтылу сияқты «шанхай рухының» іргелі қағидаттарын қамтиды деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин тағдыры ортақ адамзат қоғамдастығын құру тұжырымдамасын және үш негізгі жаһандық бастаманы ұсынғанын айтты. Бұл маңызды тұжырымдама мен бастамалар Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық істердегі негізгі ұстанымын қолдайды және мемлекеттерді бірлесе жұмыс істеуге, ортақ мақсаттарға жету әрі адамзат қоғамына пайда әкелуге шақырады.
«Сонымен қатар, бұл бастамалар ШЫҰ-ның басым даму бағытына сәйкес келеді, ашықтық пен инклюзивтілік, көпжақты ынтымақтастық және әр елдің ұлттық жағдайларын құрметтеу қағидаттарын қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапарын және ШЫҰ-ның Астана саммитін асыға күтіп отырғанын айтты. Оның пікірінше, ШЫҰ-ның даму перспективасы ауқымды. Қазақстан мен Қытай арасындағы көп сатылы ынтымақтастықты нығайту ШЫҰ-ның дамуы мен өсуіне елеулі үлес қосады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<