Президент шыршасының шырайы

84

0

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларға дәстүрлі Президент шыршасы өтті.

«Сыр елінің армандар шыршасы» атты шытырман оқиғалы жаңа жылдық ертеңгілікке Қызылорда қаласынан және аудандардан 9-13 жас аралығындағы үздік жетістікке қол жеткізген 200 оқушы қатысты.

Шыршаға келген бүлдіршіндер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтауы мен естелік сыйлықтарын алып, театрландырылған қойылым тамашалады.

Шара барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың оқушыларға деген ыстық лебізі мен жаңа жылдық құттықтауы жеткізілді.

Сыр өңірінде 337 мектепте 184 мыңнан астам оқушы және 678 балабақшада 50 мыңға жуық бала білім мен тәрбие алуда.

Аймақта өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін үлкен жобалар қолға алынып, жаңа нысандар ел игілігіне табысталды.

«Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында физика-математика мектеп-интернаты, «Шығармашылық-инновациялық орталығы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 900 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бүгінде 6000 оқушыға арналған 9 мектеп салынуда, жыл соңына дейін 4-уі іске қосылады.

Биыл жыл басында 550 орындық 2 мектеп, жаңа оқу жылы қарсаңында Шиелі ауданында 100 орындық, Жаңақорған ауданында 150 орындық мектеп шәкірттерді қабылдады. 5 мектептің жанынан қосымша құрылыс салынды, 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті.

Қызылорда қаласында демеушілер есебінен 350 орындық «Оқушылар сарайы» ашылды. Жақын күндері Жаңақорған ауданынан 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» пайдалануға берілді.

Биылғы жыл білім бәйгесінде де жетістікке толы жыл болды. 102 сырбойылық өрен халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Облыстың пәндік олимпиадалық командасы жаратылыстану-математика бағытында республикада командалық есепте ІІ орынды, қоғамдық-гуманитарлық бағытта ІІІ орынды иеленді.

Өңірімізде балаларды әлеуметтік қолдау басты назарда. Биыл 1-4 сыныптарда оқитын 62918 және әлеуметтік осал отбасыдан шыққан 5-11 сыныптағы 26654 оқушыға, барлығы 89572 балаға тегін ыстық тамақ берілуде.

Бұл саладағы қолға алынған бастамалардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да білім саласына мемлекеттік қолдау шаралары жалғасын табатын болады.

Айта кету керек, 25 желтоқсан күні Астана қаласында өтетін Президент шыршасына облысымыздан түрлі сайыстарда жеңімпаз атанып, үлгілі тәртібімен және үздік оқуымен көзге түскен 5 оқушы қатысады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<