Президент тапсырмасы пәрменді жүзеге асуы тиіс

332

0

Кеше ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалуы талқыланды.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, мән-жайды нақтылап, тиісті тапсырмалар берді.

Аймақ басшысы бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттырудың маңыздылығын атап өтіп, қажетті шаралар қабылдауды міндеттеді.

–       Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ағымдағы экономикалық ахуалға қатысты бірқатар мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, бюджеттік саясатты жетілдіру, инвестиция тартымдылығын арттыру, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының дамуы, су ресурстарын тиімді пайдалану, коммуналдық кешенді және көлік логистикасын нығайту экономиканы цифрландыру. Осыларға толығырақ тоқталсақ. Бірінші, бюджет және салық саясатының тиімділігін арттыру – біздің аймақ үшін өзекті мәселе. Қазір жаңа салық кодексінің жобасы әзірленуде. Жергілікті бюджеттердің мүддесін ескере отырып, тиісті ұсыныстар енгізілуі тиіс. Президент айтқандай, салық және бюджет саласына түбегейлі реформа қажет. Соның арқасында мемлекет пен бизнес арасында жаңа қоғамдық шарт жасалмақ. Осылайша ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптасады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы Үкімет пен әкімдерге инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыру тапсырылып отырғанын айтты.

– Біз соңғы 2 жыл қатарынан инвестиция индикаторын артығымен орындадық, биыл да алдымызға ауқымды міндет қойдық. Былтыр өңірімізде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 486,5 млрд теңгені құрап, жоспар 62 млрд теңгеге артық орындалды. Биылға бекітілген индикатор 517,5 млрд теңгені орындауға жұмыс жасауымыз қажет. Президент бюджет қаражатымен шектелмей, инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруды және инвесторларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсетуді міндеттеді. Облыста отандық және шетелдік инвесторлардың жобаларын сүйемелдеу, туындаған мәселелерін шешу, тартылатын инвестиция көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарымен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Бизнеске арналған Үкімет» мекемесі, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Қызылорда даму орталығы» айналысуда. Осы мекемелерге шетелден, басқа өңірлерден және жергілікті инвесторларды тарту бойынша нәтижелі жұмыс жасауды тапсырамын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сонымен қатар аймақ басшысы инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде жұмыс істеп, олардың проблемалық мәселелерін заң аясында жедел шешу бағытында тиісті шараларды айқындап, нақты іс-қимыл қабылдауды тапсырды. Мемлекет және жеке қаражат есебінен жүзеге асырылуы жоспарланған   қалалық және аудандық деңгейдегі барлық саладағы инвестициялық жобалардың проблемалық мәселелері өңірлік үйлестіру кеңесінің аясында шешілуі қажет екенін айтты.  Президент тапсырмасына сәйкес жарты жылдың нәтижесі бойынша әрбір әкімнің  инвестиция тарту бағытында атқарған жұмысына баға берілмек. Осыған байланысты алдағы уақытта қала және аудан әкімдерінің, басқарма басшыларының жұмысы инвестиция тарту индикаторының орындалуымен бағаланатыны ескертілді.

Жиында мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау да айтылды. Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі әлеуметтік салада кеңінен қолданыста. Құны 17,1 млрд теңгені құрайтын 63 жобаның келісім-шартына қол қойылды. Ендігі кезекте, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін инновациялық, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге бағытталған жобаларға пайдаланған жөн.

– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде елімізді экономикалық-әлеуметтік дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын құрылыс саласына арнайы тоқталғаны белгілі. Бүгінгі күні Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналғанымен, жұмыс барысында кейбір заңнама және норматив талаптары құрылысты жоспарлау мен жүргізу процесіне кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде құрылыс уақытының созылуына және сапасының төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты, жауапты сала басшыларына «Қала құрылысы туралы» кодекс жобасын қайта қарап, сапалы ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы республикада үлескерлік құрылыс пен ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынғанын атады. Аймақта құрылыс саласында үлескерлер қаржысын тарту тәсілімен құрылыс салу жағдайлары тіркелмеген. Алайда аталған мәселе тіркелген жағдайда облыстық бақылау жөніндегі басқарма мен облыстық құрылыс және сәулет, қала құрылысы басқармасы барлық заң талаптарын сақтай отырып, сапалы әрі мерзімінде жүргізілуді қадағалуы тиіс.

Мұнан бөлек, жиында аймақ басшысы өндірістің дамуына тың серпін беру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу, коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Көлік-логистикалық әлеуетті арттыру, экономиканы цифрландыру, медицина инфрақұрылымын дамыту бойынша да алдағы жұмыстың бағыт-бағдары айқындалды.

Мәжіліс соңында облыс әкімі Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауға қатысты жоспарды уақытылы зерделеп, бір аптада нақты ұсыныстар беруді міндеттеді. Ұсыныстарды әзірлену сатысындағы «2024-2028 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары» жобасына енгізу қажет. Осы орайда облыстық экономика және қаржы басқармасы салалық басқармалармен бірлесіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бір апта ішінде бекітуге енгізуі тиіс екенін айтты.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<