Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Президенттік кадрлық резервін жасақтау жұмыстары жөнінде айтып берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әзірге кадрлық резевтің критерийлерін әзірлеп жатырмыз. Ең алдымен үміткердің жасы маңызды. Жастар саясаты заңына сәйкес, елімізде 29 жасқа дейінгі адамдарды жастар санатына қосамыз. Бірақ, БҰҰ жастар мен зейнеткерлер жасын тағы көтергісі келеді. Мәселен, Испанияда жастар жасы 33-ке дейін, өзге елдерде – 35 жасқа дейін, Жапония одан да көп. Осындай әлемдік үрдістерді қарап, нақты резервке қабылдаудың нақты тәртібін жариялаймыз», – деді агенттік басшысы тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, резервке техникалық мамандық иелері көбірек қабылдануы мүмкін.
«Іріктеу мемлекеттік қызметшілерден ғана емес, экономиканың барлық секторларының өкілдері арасында жүргізіледі. Бізге қазір экономистер мен IT-мамандар өте қажет. Әсіресе, білікті IT-мамандар барлық салаға қажет. Тіпті сот жүйесінде киберқылмысты ашатын мамандар керек. Сондықтан, жаңа технологияларға байланысты экономика секторларынан мамандар көбірек іріктеледі», – деді А. Жайылғанова.
Сонымен бірге, агенттік басшысы кадрлық резерв құру бойынша барлық ұсыныстардың қабылданатынын жеткізді.
«Біріншіден, жас менеджерлердің әлеуетін пайдаланып, мемлекеттік аппарат жұмысын сапалы түрде жаңа деңгейге көтере аламыз. Екіншіден, бұл резерв жастар үшін әлеуметтік лифт. Резерв құрамын іріктеу тәртібін қарап жатырмыз, түрлі нұсқалар назарға алынуда. Сондай-ақ, біз ұсыныстарға ашықпыз және резервті қалыптастыру және оның әлеуетін пайдалану туралы тың ойларды қарастыруға дайынбыз», – деді Анар Жайылғанова.
Айта кетейік, Президенттік кадрлық резерв құру бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтылды. Осы арқылы мемлекет жас әрі дарынды жастарға қолдау көрсетуді көздейді. 300 адамнан тұратын алғашқы кадрлық резервтің тізімі жыл соңына дейін дайындалады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<