Профессор дәрісханасы

804

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде биология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Алтынбек Ерназаровтың 80 жасқа толуына арналған салтанатты ғылыми кеңес өтті. Сондай-ақ, 7-оқу ғимаратындағы №204 дәрісханаға Алтынбек Ерназарұлының есімі берілді.

Ғылыми кеңеске облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев қатысып, ғалымның еңбек жолы мен тұлғалық болмысы туралы атап өтті. Ал, университет ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Оразбаев профессордың білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын жеткізді.

– Алтынбек Ерназарұлы университетте еңбек жолын оқытушылықтан бастап, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін абыройлы атқарып, шәкірттерге білім берумен қатар іргелі зерттеулер жүргізді. 1973 жылы «Күріш дақылының пісіп жетілу кезіндегі белок пен көмірсутектердің жиналу процесі» тақырыбында кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап, сала дамуына үлкен үлес қосты. Бастауыш білім беру мамандығы бойынша түйінді мәселелерді зерделеп, жас ұрпаққа білім нәрін сіңірді, – деді Нұрлан Жеткергенұлы.

Салтанатты шарада Алтынбек Ерназарұлына облыс және қала әкімінің Құрмет грамотасы табысталды, сондай-ақ ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының шешімімен Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі және білікті мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы орденмен марапатталды.

Ғылыми кеңеске техника ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Қошқаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым-агроном Аббас Камалатдин, филология ғылымдарының докторы, профессор, КИМЭП университеті «Филология» кафедрасының меңгерушісі Зәуреш Ерназарова, облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Есқалиева және зиялы қауым өкілдері, университеттің ғылыми кеңес мүшелері қатысты.

Айта кету керек, Алтынбек Ерназарұлының 80 жас мерейтойына орай Студенттер сарайында «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді модернизациялау: тәжірибесі мен проблемасы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік  конференция да ұйымдастырылды. Шараға шетелдік және отандық ғалымдар қатысып, білім беру саласындағы қазіргі жаңашылдықтар мен өзгерістерді талқылап, ұсыныстарын жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<