Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Корея Республикасы Чоллабук-до провинциясы Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің президенті Ким Дэ Сик бастаған делегациямен кездесті.
Аймақ басшысы екі ел арасында жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар мен ерекше достық қарым-қатынас орнағанын атап өтіп, делегация сапарының жемісті әрі нәтижелі болуына тілектестік білдірді.
– Чоллабук-до провинциясы Кореяның басты ауыл шаруашылық аймағы ретінде бізге аса қызықты. Егін шаруашылығына озық технологияларды енгізу, «ақылды ферма» және заманауи жылыжайлар салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында тәжірибе алмасып, бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруды ұсынамыз. Біздің өңірлеріміздің экономикалық бағыты ұқсас. Қызылорда облысы еліміздегі күріш пен ас тұзының 90%-дан астамын өндіреді, сондай-ақ балық пен мал шаруашылығы да дамыған. Осы ретте, салаға инновациялық әдістерді енгізу үшін кореялық тәжірибені зерттегіміз келеді. Жаһандық климаттың өзгеруі салдарынан су тапшылығы орын алуда. Құрғақшылыққа төзімді және тиімділігі жоғары, аймақтың климатына сай, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттарын шығару мақсатында корей ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жасауға ниеттіміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мұнан бөлек, облыс әкімі аймақта тәулігіне 102 тонна тыңайтқыш өндіретін кәсіпорын жұмыс жасайтынын атап өтіп, осы бағытта әріптестік орнатуды ұсынды. Мекеменің тыңайтқышты экспорттауға мүмкіндігі жоғары және дайын.
Ким Дэ Сик облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, өзара тиімді әріптестікті әрі қарай нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Айта кетейік, Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында Корея Республикасы делегациясының қайта жаңғыртудан өткен Хон Бом До мемориалдық кешенімен танысу, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректорымен кездесу және өңірдегі бірлесіп жүзеге асыратын жобалармен танысу жоспарланған.
Еске салсақ, Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылдың мамыр айында облыс делегациясымен бірге Сеул, Тэджон және Чонджу қалаларында іссапармен болып, сапар нәтижесі бойынша бірқатар бастамалар қолға алынды. Сол жолы Тэджон қаласы және Чоллабук-до провинциясының басшыларымен, әлемдік деңгейдегі университет президенттерімен кездесулер өткізіліп, бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.
Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде өткен жылдың қараша айында Қорқыт ата университетінің базасында СеулТех университетінің жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.
Одан бөлек, Чоллабук-до провинциясының Халықаралық ынтымақтастық агенттігі мен Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<