Психологиялық қолдау көрсету бөлмесі

1113

0

Облыстық онкология орталығының ғимаратында аймағымызда алғаш рет «Пациенттерге психологиялық қолдау көрсету бөлмесі» ашылды.

Пациенттерге психологиялық қолдау көрсету бөлмесінің салтанатты ашылуында орталық жұмысының маңыздылығына сәйкес, бастаманың жүзеге асырылуына мұрындық болған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов пен «Мансап» мектебінің директоры София Әбідаразақова жиылған қауымды орталықтың ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Одан соң онкология орталығының бас дәрігері Нұржамал Мырзағалиева жиылған қауымға ерекше бөлмедегі көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырумен бірге емделушілерге сыйлықтар үлестіріп, дәмнен ауыз тигізді.

Психологиялық қолдау көрсету бөлмесі

Пациенттерге психологиялық қолдау көрсету бөлмесінде ендігі жерде қатерлі ісікке шалдыққан пациенттерге психологиялық көмек көрсетумен қатар, түрлі ойындар, сурет салу, бояу беттері бұрышы, арттерапия, музыкатерапия сынды демалыс орындары қызмет көрсетіп, емделушілерге түрлі табиғи шай ішуге де жағдай жасалатын болады. Қысқаша айтқанда, бұл бөлменің науқастардың күйзеліске түспей, ем алуына көп көмегін тигізетін болады.

Орталық оңалту бөлімшесін ашудың алғашқы қадамы боп саналады. Алдағы уақытта орталықтан оңалту бөлімін ашу жоспарлануда.

Жалпы өңірімізде онкологиялық ауруларды емдеу, алдын-алу, ерте сатысында анықтау сияқты жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың ішінде орталықтан 3368 науқас ем алса, оның ішінде тәулік бойғы стационарда 2724, күндізгі стационарда 644 науқас емделіп шыққан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<