Психологтарға арналған семинар-тренинг қорытындыланды

1185

0

Қызылорда облыстық білім басқармасының қолдауымен «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастырумен облысқа қарасты қала мен аудандардың психолог мамандарына арналған семинар-тренингтер өткізілді. Өңірдегі психолог мамандарға әдістемелік көмек көрсетіп, оларға жұмыс жасау барысындағы түрлі тәсілдерді үйрету, қажетті дағдылар мен механизмдерді ұсынуды мақсат еткен шараны «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының психологтары С.Абдрахманова мен Ж.Баянова жүргізіп, психологтарға өз тәжірибелерін бөлісті.

Бір аптаға созылған оқыту үдерісінде Қызылорда қаласының және қалаға қарасты 7 ауданның 447 психолог маманы тәжірибе алмасу сағатына қатысып, білім-білігін толықтырды. Оқыту барысында сала мамандары өз тәжірибелеріне негізделген жастар және жасөспірімдермен жұмыс істеу механизмдерін көрсетті.

Семинар-тренинг бірнеше сессиялардан тұрды. Қатысушылар жалпы таныстықтан өтіп, сессия жұмыстарына кірісті. Түрлі мекемеде қызмет атқаратын бір саланың мықты мамандары жиналған ортада қызықты пікірталас, жаңа инсайттар мен алдағы уақытқа жарқын жобаларымен бөлісті. Қатысушылар әдістемелік көмек алып, жұмыс барысында пайдаланатын құралдарды, жұмсақ дағдыларды игерді. Семинарға қатысушы психологтар ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, бала психологиясы, психологиялық-педагогикалық дағдылар туралы тереңірек біліп, қызмет барысында пайдалануға мүдделестік танытты.

Семинар-тренингтерде саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-аналарға педагогикалық-психологиялық білімдері мен дағдыларын арттыру, кеңес беру, «Қауіпсіз балалық шақ» атты балалар арасындағы буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылық және ерте жүктіліктің алдын алу бағытындағы ақпараттар да берілді. Алдағы уақытта да психологтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жасалады.

«Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты – ата-аналардың санасын оятып, психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттырып, жан-жақты қолдау көрсету. «Сенімен Болашақ» өз алдына білім беру процесінің барлық субъектілері, оның ішінде олардың ата-аналары мен мұғалімдері өскелең ұрпақтың мәселелерін шеше алатын алаң құру міндетін қойып отыр. Барлық ата-аналар бірлестіктің мүшесі болып, біздің миссияға өз үлестерін қоса алады.

«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы

Психологтарға арналған семинар-тренинг қорытындыланды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<