Пулеметшінің тағдыры

421

0

Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдардың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала  өзгеше, рахат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес  кейпіне қарап маңайда қанды-қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз.  Алайда, амал қанша?! Бірін-бірі  жыртқыштан бетер жұлмалап,   қыршын боздақтардың қызыл қанын судай ағызған Ұлы Отан соғысының  кәріне мінген шағы.

Пулеметінің ұңғысын бұта­мен мұқият қымтап тастаған Ақайдар Аймағамбетов  жасыл желек жамылып,  өзімен бірге тосқауылда жатқан қарулас серіктерін көзінің қырымен шолып өтті. Рота командирі, аға лейтенант Гольвиннің аққұба өңі өрттей алаулап,  қалың қабағы жауар бұлтша түнеріп кетіпті. Бұған дейін біршама шайқасты басынан өткерген  командир өзінен пәрмен болмайынша тырп етпеуді баршаға сап арқылы қатаң бұйырған еді. Командирдің жанындағы  Ахмедовтің жанары мұның көзімен түйіскенде, өзбек жігіті жымиып қойды. Осынау ақкөңіл мінезді  Ахмедовтің  соғыстан кейін бәрін Ташкентке қонаққа шақырып, палаумен сыйлайтынын айтып ауыз жаппайтыны еске оралғанда Ақайдардың да езуіне күлкі ұялады. Тізбектің  сол қанатында жатқан тағы бір пулеметші Кованчук алып денесін серіппеше жиырып алыпты. Тура құрбандығына атылғалы тұрған барыс дерсің. Әскерге дейін аңшылық кә­сіппен айналысқан оның бойын жауына деген  өшпенділік билегені күдірейген желкесінен де сезіліп тұрғандай.

Міне, бірнеше мотоцикл­ге мінген неміс солдаттары бұлардың жанынан  көліктерін тырылдатып өте шықты. Олар­дың жау әскерінің шол­ғыншылары екенін түсінген Гольвин «тиісуге болмайды!» дегендей  басын шайқаған. Әккі командир қателеспепті. Көп ұзамай төрт бірдей жүк машинасына мінген гитлершілер де көрінді. Бұған дейін совет солдаттарының қатты қар­сылығына кездеспеген олар тіпті бейғам. Жыланша ирелеңдеген жол бұлардың дәл жанынан өтеді екен. Ортаңғы машина тосқауылда жатқандармен қатарласа бергенде Гольвин граната  байламын құлашын кере лақтырып, машина кузовындағы неміс солдаттарының аяғының астына дөп түсірді. Гүрс еткен жарылыспен қатар  бал­қыған ажал түйіршіктері жауға жаңбырдай жауды. Шың­ғырған, жанұшырған дауыс­­тарға сақылдаған автомат, дүрілдеген пулемет үні қосылғанда қалың орманның іші от-жалынға оранды. Пулемет шүріппесін  құшырлана басқан Ақайдар ойран-топыры шыққан  жау колоннасын көздеп  оқ тізбегін нөсерше селдетті. Бұған Кованчуктың пулеметі ілескенде берекесі қашқан неміс солдаттары атысқан бойы кейін шегінді. Ұрыс саябырлағанда жол бойы басқыншылардың өлігіне толып кеткен еді. Алайда осы ұрыста Ахмедов оққа ұшты. Ажалды түйіршік маңдайына қадалған ақжарқын өзбек жі­гітінің ашық қалған жанары өмірдің жалғаншы екенін қай­тара еске түсірген. 

Тағы бірде бұлардың ротасы кезекті рет жау қолының алдын тосты. Бұл сапарда жолдары болды. Фин соғысына қатысып, мол тәжірибе жи­нақ­таған рота командирі  Гольвин қашанғысындай  жақындатып алып, соққы беру тәсілін қолданды. Күтпеген жерден жасалған айла  өз жемісін берді. Жау әскері алды-артына қарамастан, тырағайлап қашты. Бірнеше солдат пен офицерді тұтқынға алған 3-і рота полкке келгенде, қолайсыз хабар естіді. Жау әскері майданның өзге тұсында шабуылға шығып кеңес әскерлерінің (арасында Ақайдар қызмет ететін 336-шы атқыштар полкі де бар) үлкен шоғырын қоршауға алыпты. Жағдай күрт өзгерді. Әскери басшылық шағын топтарға бөлініп, қор­шауды бұзып өтіп, негізгі күшке қосылуды бұйырды. Жанын шүберекке түйген совет солдаттары бұл тапсырманы мүлтіксіз орындады. Сан мәрте күші басым жау қолымен шайқаса отырып, қоршауды жарып өтті.

Қазалының батыр түлегі Ақайдар Аймағамбетовтың жауынгерлік жолы жалғаса берді. Атақты  Ленинград қаласы маңындағы шайқасқа қатысты.Осы қаланың маңындағы Пушкин селосы үшін болған шайқас кейін көпке дейін Ақайдардың түсіне еніп жүрді. «Адамның басы – Алланың добы» деген рас екен. Траншея маңына жарылған минометтің жарқыншағынан оң қолы жараланып, госпитальға түскен  Ақайдар осы жолы өзінің қарулас серіктері Есенов пен Ивановтың  мерт болғанын есін жиғанда есітті.

Госпитальдан соң біздің кейіп­керіміз атқыштар ба­тальоны­ның құрамына жі­берілді. Майдандағы қалып­тас­қан жағдайдың ауыр еке­нін саны тым аз батальон құра­мынан да аңғаруға болатын. Әрі жауынгерлердің қару-жарағы да тым мардымсыз. Қыс мезгілі. Солдаттарға шаңғымен жүру тапсырылды. Қазақтың кең жазира даласында туып- өскен ауыл баласы бұрын-соңды шаңғы тепкен деймісіз?! Теппек тұрмақ, шаңғы дегеннің қандай болатынын тұңғыш рет көруі. Десе де табиғатынан зерек Ақайдар көп ұзамай шаңғы тебуді үйреніп қоймай, қатты жылдамдықпен жүріп келе жа­тып автоматпен  нысанаға дөп тигізуге төселді. Н. деревнясын азат ету кезінде шаңғымен жұл­дыздай аққан Ақайдар Ай­мағамбетов батылдығымен ерек­ше назарға ілікті. Ал ерлік­тің ескерусіз қалмасы тағы рас. 

Мұнан соң Ақайдар танкіге қарсы қолданылатын қарудың көздеушісі болып шайқасқа түсті. Бұл жерде де ерлігімен ерекшеленді. Бір ұрыс кезінде көрсеткен тапқырлығы, батыл­дығына орай полк командирі Аймағамбетовтың отбасына ризашылығын білдіріп, хат жолдады. Бұл сол кездегі өлшеммен қарасақ өте зор құрмет-тұғын. Мамыражай мамыр күні ауыр жарақаттанған Ақайдар ұзақ уақыт емделген соң елге оралды. Кешегі батыр жауынгер бейбіт күннің озаты атанды.Мал да бақты, күріш те екті. Абыройға бөленді. Соғыста алған наградаларын енді «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері, көптеген медальдар толықтырды.

Жылжып жылдар өтті.  Ақ­айдар Аймағамбетовтың өмір­ден өткеніне де біршама уақыт болды. Алайда ұрпақ үшін майданда қан кешіп, бейбіт күнде тер төккен атамыздың есімі елінің  есінде мәңгі сақтаулы.

Жұмабек Табынбаев.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<