Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік

271

0

 ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік  Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерген мәселелері бойынша жұмыс сапарымен Сыр еліне келіп, Жаңақорған, Шиелі аудандары жұртшылығымен кездесулер өткізді.

Жұмыс сапары Жаңақорған ауданында басталды. Президент кеңесшісі ардагерлер, зиялы қауым, жастар және дін өкілдерімен кездесті.

Мәлік Отарбаев алдымен  «Хорасан ата» кесенесіне барып, зиярат етті.

Келесі кезекте Президент кеңесшісі Түгіскен ауылдық клубының «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының  жұмысын көрді.

Еске сала кетсек, «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығы жобасы мәдениет үйлері мен клубтардың жанынан жүзеге асуда. Тұжырымдаманың мақсаты – елді мекендердегі халықтың мәдениет нысандарына қолжетімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдерді мәдени тәрбиемен қамту, олардың бос уақытында шығармашылық үйірмелерге қатысуына жағдай жасау. Жобада «Кино-тайм», «Әлем BOOK», «ART уақыт», «Отбасы шуағы», «Еріктілер тобы», «Сыр сұхбат», «Креативті хаб» және арнайы мамандардың қатысуымен медиация, кеңес беру бағыттары қарастырылған.

Одан соң аудан әкімдігінің мәжіліс залында зиялы қауым өкілдері қатысқан жиын өтті.

Президент кеңесшісі жиында Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерге жан-жақты тоқталып, кең көлемде түсіндіріп өтті. Жиналған жұртшылықпен ашық әңгімелесіп, ұсыныстарын тыңдады.

Онан соң рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталығының құрылыс барысымен танысты. Бұл нысан музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар бас қосатын рухани орталыққа айналмақ.

Мәлік Отарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аудандағы  өкілдерімен кездесіп, ішкі және сыртқы тұрақтылықты сақтаудағы имамдардың үлесін атап өтті.

Халықпен өткен әрбір кездесуде ұлттық құндылықтармен қатар, тарихтағы ұлы тұлғалардың еңбек жолы мен ел үшін жасаған ерлігін, даналығын дәріптеуді ұсынды.

Мәдениет үйінде аудан жастарымен кездескен Президент кеңесшісі құрылтайда айтылған бастамаларды  жүзеге асыруда жастардың қосар үлесі зор екенін және осы бағытта қоғам болып ұйысып, бірлесіп жұмыс атқару қажет екенін айтты.

Шиелідегі кездесуде Мемлекет басшысы айтқан «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» атты бағыттарды  жан-жақты түсіндірді. Зиялы қауым өкілдері де елде орын алып жатқан өзгерістерге оң бағасын беріп, Мемлекет басшысының әрбір бастамасына тілектес екенін жеткізді.

Мәлік Нұржанұлы сапар барысында Ыбырай Жақаев ауылына  барып, диқан рухына Құран бағыштады, күріш өсіру тарихи музейінің жұмысымен танысты.

Мұнан соң, Президент кеңесшісінің сапары аудан имамдарымен кездесуге ұласты. «Арман» мәдениет үйінде өткен жиында Мемлекет басшысы атап өткен құндылықтарды көпшілік санасына сіңіру үшін имамдар білімін  арттырып отыруы керектігін айтты. Имамдар да өз ұсыныстарын жеткізді.

Жүздесулер легі «Жастар орталығында» жалғасты.  Олар мемлекет ұсынған түрлі бағдарламалардың игілігін көріп отырғанын айтып, алғысын жеткізді.

«Бәйгеқұм» ауылында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының жұмысымен танысып, жазғы демалыстағы бүлдіршіндердің өнерін тамашалады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<