Қайраткерді еске алуға арналған турнир

934

0

1-5 наурыз аралығында Қызылордада мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралық турнир өтеді.

Он бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған аталмыш турнирге 7 мемлекет пен 13 облыс 3 топқа бөлініп сайысатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әбдіқадыр Ергешбаев хабарлады.

– Бүгінде тоғызқұмалақ федерациясының құрылғанына 30 жылдан асты. Осы уақыт аралығында көптеген халықаралық, республикалық, облысаралық сайыстар өткізіліп, біздің өңірден топ жарған тоғызқұмалақшылар түледі. Қазіргі таңда қала және әр ауданда тоғызқұмалақшылар клубы құрылған. Онда 6 жастан бастап 60 жасқа дейінгі ойыншылар ойнайды. Ал ертең болатын халықаралық турнир қоғам қайраткері, облысқа белгілі азамат Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналады. Бұл турнир 2008 жылдан бері өңірімізде ұйымдастырып келеді. Осы уақыт аралығында Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен үздік ойыншылар келіп қатысты. Бұдан бөлек, еліміздің барлық облыстарынан да кіл мықты ойыншылар сайысады. Ертең басталатын тоғызқұмалақшылар додасына қатысатын ойыншыларға сәттілік тілейміз!, – деді Әбдіқадыр Ергешбаев.

Брифинг барысында тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы
Айнұр Жақапбаева халықаралық турнирдің ережесі мен биылғы сайыстың ерекшеліктері туралы баяндады.

– Жылдан жылға бұл турнирге тек еліміз ғана емес әлемнің үздік ойыншылар да келіп бақ сынасуда. Биылғы жарыстың бір ерекшелігі – осы уақытқа дейін 2 топқа ересектер мен жасөспірімдер болып бөлінсе, ертеңгі жарыста 3 топ болып сайысатын болады. Яғни, 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер, жастар және ересектер қатысатын болады. Осы жолғы ойыншылар құрамында әлемдік рейтингте көш бастап тұрған мықты ойыншылар қатысады деп күтілуде, – деді Айнұр Жақапбаева.

– Өздеріңізге белгілі, біздің аймақ ұлттық зияткерлік ойын спорты атанғандықтан республика бойынша ең алғашқылардың біріміз. Бүгінде республика құрамында 25-тен аса спортшымыз ұлттық құрама сапында әлемдік деңгейдегі жарыстарда өнер көрсетеді. Одан бөлек, жастар және жасөсіпірімдер арасындағы турнирлерде жеңімпаз болған бірнеше дүркін чемпиондарымыз бар. Ертең болатын халықаралық деңгейдегі додада сайысатын барлық ойыншыларға тек сәттілік тілейміз! Нағыз таланттылар жеңіс төрінен көрінсін деген тілегіміз бар, – деді тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушы Хакімжан Елеусінов.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<