Мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің туғанына биыл – 90 жыл. Осыған орай Қызылорда, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейлері «Ұлт қайраткері» атты республикалық онлайн конференция ұйымдастырды.
Жиынға Еркін Нұржанұлының қызы Сәуле Әуелбекова және зиялы қауым өкілдері қатысып, ұлтқа құрметін қызметімен дәлелдеген тұлғаның еңбегі, бөлек болмысы туралы сөз қозғады.
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат Еркін Әуелбековтің Сыр өңірінде бар-жоғы төрт жылдан астам уақыт еңбек еткеніне қарамастан, облыстың экологиясы мен экономикасын зерттеп, халықтың әлеуметтік жағдайын жоғары деңгейге көтергенін атап өтті.
Іскер де әділ Әуелбеков басшы болған жылдары өңірде қордаланып, шешілмей қалған мәселелердің түйіні тарқады. Облыс үшінші категориядан екінші категориялы облыс қатарына қосылды. Шөлейттік коэффициент енгізілді. Аралдың экологиялық мәселелері мемлекеттік және халықаралық деңгейге көтеріліп, оның зардаптарын жою үшін одақ көлемінде шаралар қабылданды. 1985 жылы облыс басшысының бастамасымен КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің Құмкөл мұнай кен орнын ашуды дайындау және игеруге байланысты жұмыстарды ұйымдастыру туралы бұйрығы шықты. Білікті басшының іскерлігі арқасында Жезқазған аймағына қарасты Құмкөл мұнай кенішін Қызылорда облысына ұзақ уақытқа жалға беру туралы шешім қабылданды. Алғаш рет ауыр ұшақтарды қабылдауға арналған әуежай салынып, Шиелі ауданынан уран, Жаңақорған ауданынан полиметалл кеніштері ашылды. Қиыршықтас, құм, тұз өндіру ісі қарқынды дамыды. «Ісмер» тігін және тоқылмайтын маталар фабрикасы, «Рисмаш» зауыты, Қызылорда вагон жөндеу зауыты сынды бірқатар нысандар іске қосылды.
Конференцияда ҚР Еңбек сіңірген дәрігері, еңбек ардагері Болат Жанәділов Әуелбековтің Көкшетау облысын он жыл басқарған уақытта аймақ алдыңғы қатарға көтерілгенін, жергілікті кадрға басымдық бергенін жеткізді. Ұлт қайраткері жетекшілігімен Көкшетауда сол жылдары ірі өндіріс орындары ашылып, әуежай, автовокзал, мәдениет үйі сынды нысандар бой көтерген.
Сондай-ақ, кеше «Ақмешіт» музейі қайраткердің 90 жылдығына орай музей қорындағы және облыстық архив қорынан жинақталған құжаттар мен фотосуреттерден «Ел сүйсінер ер тұлға» онлайн фото көрмесін ұйымдастырды.
Көрмеде өңірдің 1985-1989 жылдардағы даму деңгейін көрсететін суреттер қойылды.
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<