Қайраткерге құрмет

661

0

«Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаржы саласының үздігі, Жаңақорған ауданы және Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қалқазбек Әжібековті 75 жас мерейтойымен құттықтады» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы 48  жылдық еңбек жолының 32 жылын қаржы саласына арнаған ардагерге алғыс айтып, өңірге сіңірген зор еңбегін атап өтті.

– Құрметті Қалқазбек Әжібекұлы, Сіздің нәтижелі жұмысыңыздың арқасында облыстағы төлем мәселесін дұрыстау үшін республикада алғашқы болып вексельдер мен есеп айырысу чектері шығарылып жұмыс жасады. Сонымен қатар, қалаға газ жүргізу үшін 1996 жылы республикада екінші болып 100 млн теңгеге «Инвест газ» заемын шығарудағы еңбегіңіз ерекше. Қызылорда қаласында арнайы экономикалық аймақ құру нәтижесінде бұрын республикалық бюджетке түсетін кірістер облыс бюджетіне толық түсірілсе, Қалқазбек Әжібекұлының облыстық қаржы басқармасын басқарған уақытында облыс бюджеті 1999 жылға «профицитпен» бекітілген. Осы жолыңызды жалғастырып, қаржыгерлердің атқарған жұмыстарының нәтижесінде облысымыздың бюджеті қазіргі таңда 520 млрд теңгеге жетіп, 45 пайызға ұлғайды. Аталған қаржы халыққа бірінші кезекте қажет жобаларға, яғни, инженерлік инфрақұрылымдарға, әлеуметтік нысандар құрылысына бағытталуда, – деді облыс әкімі.

Сыр елінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қалқазбек Әжібековке облыстың Құрмет грамотасы табысталды.

Мерейтой иесін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық «Amanat» партиясының төрағасы Наурызбай Байқадамов, «Құрмет» орденінің иегері, салық қызметінің II рангілі Мемлекеттік кеңесшісі атағының иегері Дайрабай Ысқақұлы және құқық қорғау саласының ардагері Тастемір Рахымов құттықтады.

Шара соңында Қалқазбек Әжібекұлы жерлестеріне ізгі тілектері үшін ризашылығын білдірді.

Қ.Әжібеков облыс экономикасын көтеруде, қаржы саласының жұмысын нығайтуда қажымай еңбек етіп, көптеген білікті кадр тәрбиелеуге үлес қосты. Оның бастамасымен Арал өңірінің жағдайын жақсартуға арналған Заң қабылданып, соның нәтижесінде осы күнге дейін айлық жалақыға 30-50 пайыз қосымша төлемдер төленуде. Қаржыгердің ықпалымен 2001-2003 жылдары облыстағы ауылдардың экономикасын көтеруге бағытталған «Ауыл келбеті» бағдарламасы және ауылға мамандарды тұрақтандыру, ауылдан тұрғындардың үдере көшуін тежеу мақсатында ондағы мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «1000 тұрғын үй салу» бағдарламасы қабылданып, нәтижелі жүзеге асырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<