Қайратына мінген қазақ боксы

1338

0

Бокстан Әлем чемпионаты мәресіне жетті. Үкілеп қосқан үздіктеріміз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жалпыкомандалық есепте екінші орын еншімізге бұйырды. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Қазақстандық жанкүйерлер ел құрамасын Токио Олимпиадасынан кейін сынға алғаны белгілі. Жапон жеріндегі аламанда қазақстандық былғары қолғап шеберлері небәрі үш қола медальді місе тұтып қайтқан еді. Бүгінге дейін талай тайталаста топ жарған талантты жастарды тәрбиелеп келген еліміз үшін мұндай төмен нәтиже көңіл көншітерлік емес. Орынды сыннан қорытынды шығарған спорт басшылары бокстан ел құрамасына Қайрат Сәтжанов сынды тәжірибелі бапкерді тағайындады. Ол бұдан бұрын жастар құрамасына жетекшілік жасаған еді. Шәкірттері сан алуан сайыстарда алдыңғы лектен көрінді. Сондықтан оған ересектер арасындағы әлем чемпионатына лайықты құрама дайындау міндеті қойылды. Арқаны кеңге салып жүретін уақыт емес. Олимпиададан кейінгі екі айдың ішінде шаршы алаңда шыңдалған шымыр жігіттерді іріктеу қайсыбір маман үшін де оңайға соқпайды.

Сербия жеріндегі сайысқа іріктелген 13 спортшыға сеніммен қарадық. Десе де, олардың қадамы қалай болар екен деген сауал көкейімізде тұрғаны рас. Тізімде тұрған жігіттердің көбісі 20 жастың маңайында. Арасында бір-екілі тәжірибелі жігіттер бар. Бұрын-соңды мұндай беделді бәсекеде бақ сынап көрмеген жастар қандай деңгейде ойын көрсете алады?

Былғары қолғап шеберлері ақтық сынға дейін бірнеше іріктеу сатысынан өтеді. Несін жасырамыз, қазір кәсіпқой бокста сынға түсіп жүрген Бек Нұрмағамбеттен (86 келі) жанкүйерлер көп үміт күткен еді. Алайда ол жарыстың алғашқы сатысында-ақ қарсыласына есе жіберіп қойды. Ал одан кейін Айбек Оралбай (92 келі) және Нұрлан Аманбай (92 келіден жоғары) жарыс жолынан шығып қалды. Қуаныштысы, ширек финалға дейін ел құрамасынан 10 боксшы жетті. Мамандар осының өзін жоғары жетістік ретінде бағалады. Өйткені, әлемде бокс мектебі жоғары деңгейде дамыған Ресейден сегіз, Өзбекстан, Куба, АҚШ-тан алты спортшы жарыстың аталған сатысына жолдама алған еді.

Ашығын айтайық, саңлақтарымыз ширек финалда да сенімді ойын көрсеткен еді. Алайда, кейбір сәттерде төрешілер шешімімен жеңіс қарсыласына ауып кеткенде таңғалған сәтіміз аз болған жоқ. Бұған дейін қарсыласын қоғадай жапырып келген Асланбек Шымбергенов (71 келі) украиналық Юрий Захареевпен қолғап түйістірген еді. Жекпе-жек барысында қазақстандықтың басымдығы байқалып тұрды. Десе де төрешілер бұра тартқандай нәтиже тіркелді.

Сондай-ақ, жанкүйерлер 63,5 келі салмақта сынға түскен Санатәли Төлтаевтың шеберлігін жоғары бағалады. Шаршы алаң төрінде шотландиялық Ризо Линчпен шеберлік байқасқан еді. Бұл жолы да төрешілер қазақстандықтың жігерлі қимылын көрмегендей кейіп танытты. Жалпы, ел құрамасындағы барлық саңлағымыз ширек финалда жақсы ойын көрсетті. Әлемдік деңгейдегі көптеген мамандар қазақстандық боксшылардың намысты қимылын жоғары бағалағанын білеміз.

Жартылай финалға жеткен бес үздігіміз ақтық сынға апарар жолда аянып қалған жоқ. Ел құрамасынан  Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі) мен Серік Теміржанов (57 келі) финалға жолдама алса, Абылайхан Жүсіпов (67 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.

Ашығын айтайық, қазақстандық спортшылардың ақтық сындағы қарсыластары осал емес болатын. Екеуі АҚШ боксшыларымен жекпе-жекке шықса, біреуі таиландтық, біреуі жапониялық қарсыласымен қолғап түйістірді. Алғашқыда жанкүйерлер американдық былғары қолғап шеберлерінен қауіп алған еді. Дегенмен, Сәкен Бибосынов мұхиттың арғы бетінен жеткен Роско Хиллден айласын асырып кетті. Ал Серік Теміржанов сол елдің тағы бір өкілі Джамал Харвиге есе жіберіп қойды. Теміртас Жүсіпов таиландтық Вуттичай Юрачайды тізе бүктірсе, Махмуд Сабырхан жапониялық Томоя Цубоиға жеңілді.

Жүлделер саны жөнінен ел құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынға табан тіреді. Бірінші орындағы Кубаның еншісінде – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола. Ал үздік үштікті түйіндеген АҚШ боксшылары  2 алтын, 2 күміс алып қайтты.

Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов шәкірттерінің жетістігіне көңілі толатынын атап өтті. Алда әлі де атқарылатын жұмыстар ауқымды.

 – Әлем чемпионатын ойдағыдай өткіздік деп санаймын. Дайындық барысында әрбір боксшыға зор сенім білдірдік. Олардың барлығы чемпион болуға лайықты екенін айттық. Негізгі мақсатымыз – жалпыкомандалық есепте топ жару еді. Сол жолда тынбай тер төктік. Еншімізде – екі алтын, екі күміс, бір қола. Әрине, төрешілер қателігін де жоққа шығара алмаймыз. Десе де, шәкірттерімнің Белград төрінде ойын көрсетуі көңілімнен шықты. Бізге қолдау білдірген барша қазақстандық жанкүйерлерге алғыс білдіреміз. Олимпиададан кейін бұл чемпионат бізді біріктіре түсті. Жеңісті күндеріміз көп болсын, – деді бас бапкер.

Әлем чемпионы атанған Теміртас Жүсіпов өзінің жеңісін отандастарына арнайтынын айтты. «Бұл жеңісімді барша қазақ еліне арнаймын. Финалдық кездесу психологиялық тұрғыдан қиын тиді. Қарсыласым өте ыңғайсыз, жылдам қимылдайды екен. Бапкерлер айтуымен оны жекпе-жек барысында жеңудің жолын таптым», – деді Теміртас.

Дүбірлі додада топ жарған тағы бір үздігіміз – Сәкен Бибосыновтың жеке бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірті осы аламанда үздік жекпе-жегінің бірін көрсеткенін атап өтті.

– Олимпиададан кейін қайтадан шыңға шығу өте қиын. Сәкен Токио ойындарынан кейін екі апта ғана демалды. Осылайша қайтадан жаттығуға кірісті. Сол кезде Сәкеннен «Мүмкін, қатыспай-ақ қоярсың, демаларсың», деп сұрадым. Бірақ ол өз ойынан айныған жоқ. Олимпиадада кеткен есесін қайтаратынын айтты. Осылайша тыңғылықты дайындық жүргізген Сәкен сөзінде тұрып, әлем чемпионы атанды.  Мұның бәрі еңбекпен келді. «Еңбек бәрін жеңбек» деген сөздің дұрыстығын дәлелдеді, – деді ол. 

Айта кетерлігі, Әлем чемпионаты 1974 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Айтулы сынға Қазақстан құрамасы 1993 жылдан бері үздіктерін қосып жүр. Содан бері еліміз осындай 14 додада бақ сынаған екен. Бұдан жоғары көрсеткішке 2013 жылы Алматы қаласында өткен Әлем чемпионатында қол жеткізді. Ол жолы еліміздің былғары қолғап шеберлері төрт алтын, екі күміс, екі қола медаль еншіледі. Ал 2019 жылы алты жүлде алып, бұл жөнінен жоғары нәтижені бағындырған едік.

Әлемде қазақ боксының өзіндік беделі бар. Тоқсаныншы жылдарға дейін де қазақ топырағынан талай мықтылар шықты. Әрине, одан бергі кезеңде егеменді ел ретінде талай таланттарға жол ашылды. Спортта үнемі бір қалыпта тұру мүмкін емес. Қарсыластарын қоғадай жапырған Кубаның өзі де кейбір додаларда алтынсыз қайтып жатады. Соған бола бапкерлердің еселі еңбегін жоққа шығарып, спортшыларды төмендетуге ешбір негіз жоқ.

Белград төрінде ел намысын қорғаған ұлттық құрама мүшелері жанкүйер сенімін ақтады деп санаймыз. Қайсысын да қарсыласынан қаймықпайтын қайсар екенін көз жанарынан байқадық. Алда талай дода бар. Бапкерлер оларды әлі де шыңдай түседі. Тәжірибесін арттырады. Қазақ боксынан келешекте талай топжарған ұлдардың шығатынына үлкен үміт артамыз.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<