«Қайсар» «Астанамен» тең түсті

1285

0

Қызылордалық «Қайсар» футболдан ел біріншілігінде төрт тур бойы жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Оның біреуінде жеңіске жетсе, үшеуінде тең нәтижеге қанағат білдірді.

Жерлестеріміз өткен турда Алматының «Қайратын» 1:0 есебімен жеңсе, бұл жолы елордалық «Астанамен» 1:1 есебімен тең ойнады. Екі команда құрамында тәжірибелі футболшылар жиналған. Сондықтан қызылордалық футболшылар үшін әрбір кездесудің оңайға соқпағаны анық.

Елордалық команда Алматы қаласында Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдады. Биыл «Астана» ішкі біріншіліктегі кейінгі кездесулерін ала-құла өткізіп жүр. Соның салдарынан турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды. Биыл бас жүлдеге қол созамыз деген үмітпен тәжірибелі футболшыларды қатарға қосқан ұжым үшін енді әрбір кездесуде үш ұпайға қол жеткізу өте маңызды екені анық.

Алғашқы минуттан тізгінді қолға алуға тырысқан елордалық клуб қатарынан бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Алайда олар бірінші кезеңде діттеген мақсатына жеткен жоқ. Таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші таймда елордалық шабуылшы Марин Томасов 57-минутта өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Оған 93-минутта «Қайсар» сапынан Валерий Громыко жауап қайырды.

Жерлестеріміз алдағы ойынын 18 мамырда өз алаңында Астананың «Жеңіс» командасына қарсы өткізеді.

Білікті бапкерді еске алды

Сырдария ауданында көгалдағы хоккейден республикалық жарыс мәресіне жетті. Дүбірлі дода аймақта аталған спорттың дамуына зор үлес қосқан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтан Қобландинді еске алуға арналды. 

Ұлдар арасында Шымкент қаласының командасы жеңімпаз атанса, одан кейінгі орындарды Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарынан келген спортшылар өзара бөлісті. Қызылордалық қорғаушы Мейіржан Сәдуақас, сырдариялық қорғаушы және шабуылшы Мысыр Серікбай мен Әділет Оңғарбаев арнайы номинациямен марапатталды.  

Ал қыздар арасында Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстары жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрінді. Шымкенттік қорғаушы Нұрай Қазбек, қызылордалық қақпашы Ұлдана Қажденбекова, сырдариялық шабуылшы Ақерке Бектібаева үздік деп бағаланды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<