Қайсар қыздар сапында

445

0

Жуырда Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысында  100-ден астам елдің күштік құрылымдарының арнайы бөліністерінің қызметкерлері бақ сынасты. Биыл алғаш рет бұл жарысқа ерлермен қатар әйелдер құрамасы қатысты. Кедергілер жолағын еңсеруде әйел офицерлер ептілік пен атыс дағдылары бойынша ерлерден қалыспай өнер көрсетті.

Жауынгерлер жарысында ІІМ жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлерінен құралған «Томирис» құрамасы екінші орынды иеленіп, жеңіс төрінен көрінді. Олар барлық сынақтан сәтті өтіп, ерлер командасымен терезесі тең өнер көрсете білді.

Еліміздің көк туын желбіреткен әйелдер командасының сапында Сыр елінің тумасы, облыстық полиция департаментінің қызметкері ЖҚАЖ инспекторы Лаура Төлекова болды. 

Өткен аптада оны әріптестері салтанатты түрде күтіп алып, ерекше құрмет көрсетті. 

– Бұл менің халықаралық жарысқа бірінші қатысуым. Әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жарыс жоғары деңгейде өтті, қыздар бәрін ойдағыдай, жоспарға сай орындап шықты, – дейді ол.

Лаура Қарабеккызы жарысқа қатысу үшін іріктеуден өткен, үш айдан астам дайындық жасаған. Ол қолдау білдірген барша жұртшылыққа  алғысын білдірді.

– Мұндай додадан жүлделі оралу – үлкен жетістік әрі тәжірибе.

Сайысқа дайындалмас бұрын іріктеу өтті. Оған облыстардан жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қыздары қатысты. 8 қыз іріктеліп шығып, бақ сынадық. Нәтиже өздеріңіз көргендей, жаман емес. Бізді қолдаған әріптестеріме, жерлестеріме ризашылығымды білдіремін, – дейді полиция капитаны.

Айта кетейік, Лаура Қарабекқызы тәжірибелік атудан Қазақстан чемпионатының жүлдегері. Ол ішкі істер органында 2017 жылдан бері жұмыс істейді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»