Бұған дейін «Достық үйінде» жанкүйерлерге «Қайсар» футбол клубының жаңа құрамын таныстыру рәсімі өтіп, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов команданың жаңа маусым ойындарына сәттілік тіледі.
Сонымен биыл жергілікті ұжым түгелдей қазақстандық футболшыларға сенім артады. Былтыр клубта 11 легионер ойын көрсетті. Енді «Қайсардың» құрамын жаңадан 6 футболшы толықтырды. Қалғаны екі-үш жылдан бері қызылордалық клубтың намысын қорғап жүр. Олардың арасында Қазақстан құрамасының ойыншысы Айбол Әбікен, ел чемионатының 8 дүркін жеңімпазы, тәжірибелі қақпашы Александр Мокин, Қазақстан жастар құрамасының футболшылары Роман Божко мен Никита Губарев, Нұрдәулет Ағзамбаев, Жалғас Жақсылықов бар. Сондай-ақ жергілікті жастар да биыл Премьер-лигада бақ сынауға мүмкіндік алып отыр.
– Облыс әкімінің бастамасымен команда шетелдік ойыншылардан бас тартты. Бұл қазақстандық футболшылардың деңгейін арттыруға. жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге ықпал жасайды. «Қайсар» жанкүйерлерді жоғары жетістігімен қуантады деген сенімдеміз. Білікті бапкері Виктор Кумыковқа артылатын сенім үлкен. Айта кетсек, өңірдің спорт саласында қарқынды даму көрініс беріп отыр. Облыс басшылығының қолдауымен заманауи үлгідегі спорт кешендері бой көтерді. Қаланың сол жағалауында құны 20,9 млрд теңгені құрайтын 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы жүруде. Қызылордалық спортшылар биік белестерді бағындырады деп сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Қайсар» Түркияда өткізген оқу-жаттығу жиынында шетелдік 10 командамен жолдастық кездесу өткізді. Команда 2 наурызда өтетін 1-турда елордалық «Жеңіс» командасымен кездеседі.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<