«Қайсардың» мақсаты айқын

522

0

Алдағы футбол маусымына дайындықты қызылордалық «Қайсар» ерте бастады. Команда ойыншылары Түркия елінде 15-27 желтоқсан аралығында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Айта кетсек, клубқа ресейлік тәжірибелі маман Виктор Кумыков бас бапкер қызметіне тағайындалды.

– Команда биыл алға қойған мақсатын толық орындап шықты. Араға жыл салып, Премьер-лигаға қайта оралды. Межеден көрінуге облыс басшылығынан бастап жанкүйерлер, командада қызмет атқаратын мамандар және футболшылар үлкен үлес қосты. Ендігі мақсатымыз – келер жылы үздіктер қатарында жоғары деңгейде ойын көрсету, алғашқы бестікте болу және Қазақстан кубогіне қол жеткізу. Осы мақсатта бар күшімізді саламыз. Осы мақсатта облыс басшылығы тарапынан үлкен қолдау жасалып отырғанын айта кетейік. Сондай-ақ, команда жанындағы орталық жұмысын жандандыру мақсатында шетелден тәжірибелі мамандарды шақыру жоспарда бар. Олар жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға, тәжірибесін жетілдіруге мән бермек. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен алдағы жылы жаңа стадионның құрылысын бастау ойластырылып жатыр. Қазір бұл бағытта жобалар сарапқа салынуда. Тиімдісі таңдап алынады, – деді «Қайсардың» директоры Садық Мұстафаев.

Команда басшысының айтуынша, Виктор Кумыков ресейлік және еліміздің жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол бұған дейін 2004 жылы қызылордалық клубта жұмыс істеген. Сондай-ақ, еліміздің «Елімай» (Семей), «Есіл» (Көкшетау), «Шахтер» (Қарағанды), «Ордабасы» (Шымкент), «Атырау» клубтарында еңбек еткен. Оған қоса өзбекстандық  «Мащьал», «Насаф», АГМК, «Андижан» клубтарына жетекшілік етті.

– Еліміздің тарихында тұңғыш рет «Шахтер» клубын Еуропа лигасының топтық кезеңіне дейін алып шықты. Оның жеткішілігімен «Шахтер» клубы екі дүркін чемпион атанса, бір мәрте Қазақстан кубогі мен суперкубогінің иегері болды. Ал 2008 жылдан бері PRO категориялы жаттықтырушы болып қызмет атқарып келеді. Бас бапкердің көмекшісі қызметіне ресейлік маман Олег Корниенко келсе, жергілікті Қанат Әлиев «Қайсардың» бапкерлік штабында жұмыс жасайды. Жалпы «Қайсар» футбол  клубы  жаңа маусымға үлкен дайындықпен қадам баспақ, – деді Садық Шоңмұрынұлы.

Одан өзге футбол мансабын биыл аяқтаған Мақсат Байжанов енді спорт директоры қызметін атқармақ. Ол енді «Қайсардың» жарқын болашағы үшін атсалысады.

– Қызылорда мен үшін өте жақын. Бұл қалаға 20 жылдан кейін  қайта оралуға мүмкіндік алдым. Енді «Қайсардың» алға қойған мақсатын жүзеге асыруда аянып қалмаймын. Алда үш оқу-жаттығу жиынын өткізіп, чемпионатқа тыңғылықты дайындық жүргіземіз, – деді Виктор Кумыков.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<