«Қайсардың» сәтсіздігіне не себеп?

1153

0

Биылғы ел біріншілігін «Қайсар» футбол клубы сәтсіз бастады. Алғашқы 10 турда небәрі 6 ұпай еншілеп, соңғы орындардың бірін місе тұтып тұр. Себеп неде? Тығырықтан шығатын жол қайсы? Бұл жөнінде жауапты сала басшылары мен команда мүшелерінің пікірі қандай?

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсы­лық Оспанов бұған байланысты ой-пікірін білдірді.

– Рас,команда маусымды сәтсіз бас­та­ды. Айта кетейік, өткен жылғы құрам біраз жаңарғаны белгілі. Бұл ойыншылардың бір-бірін түсінуіне едәуір әсер ететіні белгілі. Оған біршама уақыт қажет болады. Сол арқылы футболшылар бір-бірін түсі­ніп, жеңіске жету жолында тер төгеді. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жа­сап, олардың тәжірибесін жетілдіру көңіл бөлудеміз, – деді басқарма басшысы.

Облыстық футбол федерациясы тара­пынан командаға қолдау көрсету мақса­тында тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Бұл алдағы уақытта өз септігін тигізетіні анық.

– Былтырғы құрамнан тек Ілияс Әмір­сейітов, Кларенс Битанг, Думан Нәр­зілдаев сияқты футболшылар қалды. Ал­ған жарақатына байланысты Ілияс кешегі күнге дейін көптеген ойындарға қатыса алмады. Жанкүйерлердің реніші де орынды. Бірақ команданың енді ғана бір-біріне үйреніп келе жатқанын түсі­нуіміз керек. Коронавирустық жағдайға байланысты шет елден көздеген фут­бол­шыларды құрамға қосуға қиындық туын­дады. Алдағы  уақытта команда жанкүйер сенімінен шығатын деңгейде шеберлік көрсетеді деген сенімдемін. Алдағы транс­ферлік кезеңде «Қайсар» сапына 2-3 шеп бойынша тәжірбиелі ойыншылар тартылады, – деді облыстық футбол феде­ра­циясының вице-президенті Болат Көшербаев.

Команданың бас бапкері Сұлтан Әбіл­­даев клуб тарапындағы алдағы жос­­­пар­­ларымен бөлісті. Ол өзінің жер­гі­лік­ті футболшылардың көбірек алаңға шық­қанына назар аударып отырғанын жеткізді. Нәтижесінде бүгінде Мақсат Бай­жанов, Думан Нәрзілдаев, Елжас Сар­бай, Өркен Махан, Елжас Алтын­беков, Абылайхан Төлегенов, Аян Құлмаған­бетов, Бекзат Құрманбекұлы, Нұрымжан Салай­дын секілді жергілікті жігіттер көптеген кездесуге қатысып үлгерді. Бас бапкер алдағы ойындарда тактикалық тұрғыдан командада өзгерістер болатынын жеткізді.

–  Биыл команда құрамына қосылған Гегам Кадемян жыл басында ауыр жа­рақат алуы салдарынан жаттығу жұмыс­тарын толыққанды жүргізе алмады. Қазір денсаулығы жақсарып, формасын енді жинақтап жатыр. Алдағы ойындарда өзін жақсы қырынан көрсетеді деп ойлаймын, – деді бас бапкер Сұлтан Әбілдаев.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<